Қандай жағдайда шекарадан өткендерді санитар мамандар тексереді

шекара
Фото: Kazinform

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті шекарадан өткізу талаптарын түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.

Кеден одағының шекарасында мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 28 мамырдағы № 299 шешімімен белгіленген. 

Көлік пен адамдар кеден одағының аумағына және аумағынан  келгеннен (кеткеннен) кейін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық амандығы саласында төтенше жағдай қаупі болған жағдайда санитариялық карантин бақылауынан өтуі керек.

Мынадай қауіп-қатер кезінде санитариялық тексеру жасалады: 

- көлік ауру жұқтырған елдерден (елге) және химиялық, радиациялық авария аудандары бар елдерден (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізбесіне сәйкес) келген (кеткен) кезде;

- аумақты санитариялық қорғау шараларын жүргізуді талап ететін ауруға күдікті адамдардың әуе немесе теңіз кемесінің бортында болмауы туралы алдын ала ақпаратты белгіленген тәртіппен хабарламау;

- көлік құралында ауру жұқтырған елдерден халықаралық рейспен келген немесе инкубациялық кезең шегінде осындай елдерден келген адамдардың болуы;

- бұрын жүзеге асырылған санитариялық карантин бақылау барысында халықаралық тасымалды жүзеге асыратын көлікте халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету саласындағы заңнаманың бұзылуын анықтау;

- бүтіндігі бұзылған, құрамында іш киім, киім, төсек-орын жабдықтары немесе тұрмыста пайдаланатын өзге де заттар, ыдыс-аяқ, ойыншықтар бар және ауру жұқтырған елдерден немесе эпидемия аймағынан келген халықаралық почта жөнелтімдері;

- ауруға күдікті адамдардың көлікте бар екені туралы ақпараттың түсуі;

- кеміргіштердің немесе олардың ізінің көлік құралында болуы;

- ауру жұқтырған аудандары бар елдерден немесе эпидемия аймақтарынан келген көлік құралында жәндіктердің болуы;

- бақылаудағы радиациялық фоны жоғары тауарларды, көлік құралының орнын ауыстыру фактісін анықтау.

Бүкіл шаралар адам денсаулығына ықтимал қауіпті өнімдерді әкелуге, инфекциялық аурулардың әкелінуіне және таралуына жол бермей, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің жоғары стандартын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар