Қарағандыда тасқыннан келген залалды есептеу аяқталды

мал суға кетті
Фото: ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды облысында су тасқынынан зардап шеккен 60 үйдің барлық шығындары өтеді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов айтты.

Қарағанды облысында 4 ауылында 60 үй су тасқынынан зардап шеккен болатын және 89 мал шығыны анықталған.

Ветеринарилық-санитарлық нормаларды сақтай отырып, шығын болған барлық мал басы мал қорымы аумағында өртелген. 

«Су тасқынынан зардап шеккен 60 отбасыға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек төленді. Сонымен қатар, зақымданған жеке мүліктердің өтемақысы толығымен өтелді. Шығын болған малдың орны толтырылды», — деді Бауыржан Асанов республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте.

Аккредиттелген ұйым су басқан объектілерге бағалау және техникалық тексеру жүргізді.

Қазірдің өзінде барлық тұрғын үй мен мүлікке қорытынды берілді.

«Үш ауылдағы 6 үй апатты деп танылған болатын. 5 отбасына осы ауылдарда тұрғын үй сатып алынды, әзірге бір отбасы қоныстанды. Сондай-ақ, бір үй жаңадан салынады. Құрылысқа жер учаскесін таңдау актісі жүргізілді. Үйдің құрылысы келесі аптада басталады. Қалған 54 үй жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстар үшін өтемақы тұрғындармен келісілді және төленді. Облыста су тасқыны салдарын жою жұмыстары жалғасуда және тұрақты бақылауда», — деді спикер.

 

Соңғы жаңалықтар