Қырғызстан Ұлттық банкі «ЕАЭО – 10 жыл» коллекциялық монетасын айналымға шығарды

Қырғыз Республикасы
Фото: Кабар

АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстанның Ұлттық банкі «Тарихи оқиғалар» сериясының «Еуразиялық экономикалық одаққа – 10 жыл» күміс коллекциялық монетасын айналымға енгізді. Бұл туралы Кабар ақпарат агенттігі жазды. 

Реттеушінің хабарлауынша, 2024 жылдың 29 мамырында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылғанына 10 жыл толады. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) – мүше мемлекеттер экономикаларының тұрақты дамуы үшін жағдай жасау, тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің ЕАЭО шеңберінде бірыңғай нарығын қалыптастыруға ұмтылу, мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін арттыру мүддесінде ұлттық экономикаларды жан-жақты жаңғырту, кооперациялау және бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында құрылған аймақтық экономикалық интеграцияның халықаралық ұйымы.

Одаққа бес мемлекет: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей мүшелік етуде.

«Еуразиялық экономикалық одақ – 10 жыл» монетасының бет жағында ЕАЭО-ның ресми эмблемасы, оның айналасында ЕАЭО-ға мүше елдердің тулары, сондай-ақ ЕАЭО елтаңбасының элементтері бейнеленген. Сол жағында ЕАЭО-ның мерейтойлық датасы «10 жыл» жазылған. Монетаның шеңберінде «Еуразия экономикалық бірлігі / Eurasian Economic Union» деген жазу бар.

Қырғыз Республикасы
Фото: Кабар

Кері бетінде дәл ортада Қырғыз Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Монетаның оң жағында ЕАЭО-ға мүше елдердің ұлттық ою-өрнектері, сондай-ақ металл сынамасы (Ag 925) және монетаның массасы (31,10 г) бейнеленген. Жоғарғы және төменгі бөлігінде «Қырғыз Республикасының Улуттук банкы/Национальный банк Кыргызской республики» деген жазу бар. Сол жағында монетаның номиналы (10), сомның графикалық таңбасы © және монетаның шығарылған жылы «2024» көрсетілген.

«Еуразиялық экономикалық одақ – 10 жыл» коллекциялық монетасы Қырғыз Республикасының аумағында ресми төлем құралы мәртебесіне ие. 

Әрбір коллекциялық монета акрил капсуласына салынған және сапа сертификаты қоса берілген жеке қорапқа салынған. 

Коллекциялық монеталар Қырғыз Республикасы Ұлттық банкінің кассаларында 5 780 сом бағасымен, сондай-ақ нумизматикалық құндылықтарды сату сайты арқылы сатылады.

Соңғы жаңалықтар