Қытай қазақстандық арпаны ең ірі импорттаушыға айналды

Арпа
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Биылғы маусымда Қазақстанда арпа өндірісі артады. Бұл мәліметтерді АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі аналитикалық есебінде келтіреді. Өндірушілер өнімділік болжамының жоғары болуына байланысты өндіріс көлемін 3,25 миллион тоннаға бағалап отыр. 

«2023/24 маркетингтік жылы өткен жылмен салыстырғанда арпа егіс алқабында шамалы өзгеріс болады деп күтілуде. Астық өндірушілер арпа өндірісін 2024/25 жж. 3,25 млн тонна деңгейінде бағалап отыр, бұл 13 ц/га жоғары өнімділік болжамына байланысты. Астық саудагерлерінен алынған алдын ала бағалаулар бойынша өнім болжамы 17 пайызға артады», - делінген құжатта.  

Көптеген арпа диқаны отандық жем-шөп өнеркәсібінің сұранысының жоғары болуына байланысты алдағы маусымда арпа егуді жалғастыруға ниетті екенін білдірді. Дегенмен американдық сарапшылар арпа егу жоспары нарықта қолжетімді тұқымның жетіспеушілігіне байланысты күмән тудыруы мүмкін екенін атап өтті. 

Арпа экспорты 2024/25 жылдары жоғары өндіріс перспективаларына байланысты 1,5 миллион тоннаға бағаланады. Бұл баға бәсекеге қабілетті экспорттық бағаларға және трейдерлердің Қытайдан күшті сұраныс күтулеріне негізделген.

2024 жылдың 12 сәуірінен бастап ЕАЭО елдерінен бидайдың автомобиль, су және теміржол көлігімен импортына тыйым салу тағы алты айға ұзартылғандықтан, билік Қазақстанға арпа мен майлы дақылдар импортының артқанын хабарлады. Осы ақпаратқа сүйене отырып, 2024/25 жылдағы арпа импорты 0,5 миллион тоннаға бағаланады. Сондай-ақ өндірістің ұлғаюы экспорттың да ұлғаюына әкелді: 2023/2024 жылдың шілде-ақпан айлары аралығында экспорт 939 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға дерлік артық. 

Маркетингтік жыл басынан бері Қытай қазақстандық арпаның ең ірі импорттаушысы болды. Қытай импорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 есеге жуық өсіп, 723 мың тоннаны құрады. Бұл өсім мал азығына сұраныстың жоғары болуымен және басқа жеткізушілермен салыстырғанда қазақстандық арпаның Қытай үшін салыстырмалы түрде қолайлы бағасымен түсіндіріледі. 

Өзбекстан арпаның екінші импорттаушысы болды (123 мың тонна). Бұл ретте Иранның импорты 41 мың тоннаға дейін, яғни, 87%-ға төмендеді. Саудагерлер Иранның ресейлік арпаға көшуін жалғастырып жатқанын атап өтті. 

Соңғы жаңалықтар