Қызылордада заманауи үлгідегі жаңа автовокзал пайдалануға берілді

Автовокзал
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласының сол жағалау бөлігінде заманауи үлгідегі жаңа автовокзал пайдалануға берілді. Бұл іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ел ағалары, сала мамандары және жергілікті жұртшылық қатысты. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында «Көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс» деген болатын. Автобустармен жолаушы тасымалдау – үлкен сұранысқа ие қызмет. Жолаушылар мен жүк тасымалын ұлғайту, қызмет сапасын жақсарту мақсатында өткен жылы жаңа автовокзал салу жөнінде шешім қабылданып, Сырдың бас шаһары тағы бір әсем, заманауи нысанмен толықты. Құрылысшыларымыздың құрыш қолынан шыққан осы ғимараттан аттанған жолаушылардың жолы ақ, сапары сәтті болсын. Аймақ экономикасының кірісін еселейтін көліктер легі толастамасын. Ел мен елдің, ағайын мен туыстың арасын жалғайтын татулықтың тұтқасы, сауда-саттық пен іскерлік байланыстың алтын көпірі болсын!», - деді аймақ басшысы.

Іс-шарада Қызылорда облысының Құрметті азаматы Айтбай Көшербаев жерлестерін құттықтады. Сондай-ақ нысан құрылысын сапалы жүргізуге атсалысқан мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Қызылорда
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Жаңа автовокзал халықтың талап-тілегі мен сұранысына сай бюджет қаржысы есебінен 975 млн. теңгеге салынды. Мұнда жолаушылар мен жүргізушілерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдай қарастырылған. Жолаушылар автовокзалдан халықаралық және түрлі бағыттағы 38 маршрут бойынша сапарға шыға алады. 

Айта кетейік, кейінгі жылдары Сыр өңірінде барлық саланың материалдық-техникалық базасын, оның ішінде автопаркін жаңартуға басымдық берілуде. Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктің мәселесін түбегейлі шешу үшін жаңадан 300, мектеп оқушыларына 30 автобус, денсаулық сақтау саласына 70 жедел жәрдем көлігі, орманшыларға 95 техника, ветеринария саласының мамандарына 30, құқық қорғау органдарына 92 қызметтік автокөлік, төтенше жағдайлар қызметіне 17 арнайы техника алынды. 

Сыр өңірі
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

«Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының жеңімпаздарына күнделікті ел тұрмысына ең қажетті деген заманауи үлгідегі 29 арнайы техника берілді. Биыл облыс тұрғындарының сұранысына сәйкес барлық елді мекендегі денсаулық сақтау ұйымдарына 200 санитарлық автокөлік сатып алынбақ. Қала тұрғындарына арзан бағамен тасымал қызметін көрсететін 100 экотакси 1 млрд теңгеге алынуда. Электр қуатымен жүретін көліктер ортақ желі арқылы жұмыс жасап, жолаушыларды діттеген жеріне қауіпсіз жеткізеді.

Еске салсақ, өткен жылы «Қазақстан темір жолы» компаниясының және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 600 млн. теңгеге жуық қаржыға тоғыз жолдың торабындағы бас қақпа – теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Аумағы абаттандырылып, жаңадан жарық шамдар орнатылды. Жақында «Қызылорда-Семей» бағытындағы жолаушылар пойызына 44 заманауи вагон алынып, толығымен жаңаланды.

Сыр өңірі
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

«Болат Өтемұратов» қорының қолдауымен 17 млрд. теңгеге жуық қаржыға «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы халықаралық талаптарға сай етіп салынды. Ғимарат жақын арада пайдалануға беріледі. 

Автовокзал
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Өткен жылы аймақта 4 108 пәтерлік 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Нәтижесінде 2 400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғынның баспана мәселесі оң шешімін тапты. Халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруы, жайлы өмір сүруінің кепілі болып саналатын баспанамен қамту жұмыстары биыл да қарқынды жүруде. Бюджет қаражаты есебінен 14,3 млрд теңгеге 1890 пәтерлік 70 тұрғын үй салынады. Оның 16-сы жеті қабатты болады.

Ана мен бала бөлмесі
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Бүгінде Қызылорда қаласы мен елді мекендердің келбетіне көрік қосатын әлеуметтік нысандар құрылысы қарқын алған. Олардың барлығы көпшіліктің көңілінен шығатын көрікті ғимараттар ретінде халықтың көзайымына айналып үлгерді. Сондай-ақ сол жағалаудан 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының құрылысы жүргізіліп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар