Көкшетауда 2-ші Халықаралық комедиялық қойылымдар фестивалінің үздіктері марапатталды

2-ші Халықаралық комедиялық қойылымдар фестивалінің үздіктері
Фото: Ақмола облысы мәдениет басқармасы

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Көкшетауда Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Сәкен Жүнісовтің 90 жылдығына арналған «СӘЛЕМ» 2-ші Халықаралық комедиялық қойылымдар фестивалі аяқталды.

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрында Қазақстан, Әзербайжан және Түркияның жетекші театрларының ұжымдарының қатысуымен өткен фестиваль төрт күнге созылды.

қойылым
Фото: Ақмола облысы мәдениет басқармасы

Көкшелік көрермендер театр сахнасында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының, «Astana Musical» мемлекеттік театрының шығармашылық ұжымының (Рэй Кунидің «13 нөмірі»), С.Мұқанов атындағы мемлекеттік қазақ сазды-драма театрының (Ж.Б.Мольердің «Сараң»), Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының (Баққожа Мұқай «Тойы көп үй»), С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының (Е.Жуасбек. Н.Жұманиязов Үйлену»), Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының («Өлдік те құрметті болдық»), Түркістан қаласынан Р.Сейтметов атындағы сазды-драма театрының (А.Айларовтың «Келісімшарт бойынша қалыңдық»), Түркия Республикасының Стамбул Мемлекеттік театрының «Профессионал» спектаклінің, Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік «Пантомим» театрының («Последний штрих») әртістері ұсынған қойылымдарды тамашалады.

театр
Фото: Ақмола облысы мәдениет басқармасы

Құрамында ТҮРКСОЙ мүше елдердің мемлекеттік театрлары басшылары кеңесінің үйлестірушісі, Әзірбайжан өкілі Эльчин Гафарли, Әзірбайжандағы Еуразиялық театр қауымдастығының өкілі Юсиф Джафаров, театртанушы, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының «Театр өнері және теориясы» кафедрасының профессоры Меруерт Жақсылықова, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры, доктор өнертану Нұрпейіс Бақыт және қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор, педагог Рахилям Машурова сахна шеберлеріне бағасын берді.

қойылым
Фото: Ақмола облысы мәдениет басқармасы

Фестиваль қорытындысы бойынша «Үміт» аталымы – 300 мың теңге ақшалай сертификатпен Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының «Сараң» комедиясы, «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» – 300 мың теңге ақшалай сертификатпен Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрының «Келісімшарт бойынша қалыңдық» қойылымы (Авторы: Асахмат Айларов, Қоюшы режиссері: Нұржан Ізтаев), «Үздік ер адам» бейнесі аталымы – 400 мың теңге ақшалай сертификатпен Ғабит Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Тойы көп үй» комедиясындағы (Авторы: Баққожа Мұқай, қоюшы режиссері: Мұрат Ахманов) Заңғар рөлі үшін Сафуан Шаймерденов, «Үздік әйел адам бейнесі» аталымы – 400 мың теңге ақшалай сертификатпен Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының «Өлдік те құрметті болдық» қойылымындағы (Авторы: Холик Хурсандов, режиссері: Бекболат Құрманғожаев) Айдана рөлі үшін, ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұржамал Қаламбаев, «Үздік актерлық дуэт» аталымы – 500 мың теңге ақшалай сертификатпен Түркия Республикасының Стамбул Мемлекеттік театрының «Профессионал» қойылымындағы (Авторы: Душан Кавакаевич, қоюшы режиссері: Ышыл Касапоғлы) рөлдері үшін Йеткин Дикинджилер және Бюлент Эмин Ярар, «Үздік пантомималық қойылым» аталымы – 600 мың теңге ақшалай сертификатпен «Последний штрих» қойылымы (Авторы және режиссері Хан-заде, Бахруз Ахмедли) үшін Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік «Пантомим» театры, «Үздік актерлық ансамбль» аталымы – 800 мың теңге ақшалай сертификатпен «Үйлену» қойылымы үшін (Авторы: Е. Жуасбеков, қоюшы режиссері: Н.Жұманиязов) Сәкен Сейфулин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры, «Үздік комедиялық қойылым» аталымы – 1 миллион теңге ақшалай сертификатпен «Номер 13» қойылымы үшін (Авторы: Рэй Куни, қоюшы режиссері: Е.Нұртазин) «Astana Musical» мемлекеттік театры марапатталды.

қойылым
Фото: Ақмола облысы мәдениет басқармасы

Бұған қоса, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Сәкен сері Жүнісовтың 90 жылдық мерейтойына орай 2-ші халықаралық «СӘЛЕМ» комедия театр фестивалін жоғары деңгейде ұйымдастырып, театр өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін Ақмола облысы әкімі Марат Ахметжановтың атынан 1 миллион теңге ақшалай сертификатына Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры ие болды.

қойылым
Фото: Ақмола облысы мәдениет басқармасы

Айта кетсек, бұдан бұрын Қошқарбаев пен Нұрмағамбетовтің мерейтойына арналған саптық ән байқауы өткенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар