Көкшетаудағы Науан Хазіреттің есімімен аталған ескі мешіт туралы не білеміз

Көкшетау
Фото: Ақмола облысы Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығынан

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Биыл Көкшетау қаласының іргетасы қаланғанына 200 жыл болады. Екі ғасырлық тарихы бар қалада өз заманының рухын, дүниетанымын қалыптастырған ғимараттар баршылық. Соның бірі – Науан Хазірет есімімен аталған ескі мешіт. 

Ақмола облысы бойынша өлкетанушылар қауымдастығының төрайымы Гүлбаршын Салықтың мәліметінше, Әуелбеков көшесінің бойында орналасқан Науан Хазіреттің есімімен аталған мешіттің тарихы жүз жылдан асады. Ол XIX ғасырдың соңында басталды. Сол уақытқа дейін қаладаның Большая Садовая көшесінде (бүгінде Абай көшесі) мешіт болған, кейінірек онда зергерлік дүкені орналасты. 1886 жылдан бастап сол мешіттің молдасы Наурызбай Таласов болды, ол Науан Хазірет деген атпен белгілі – өз заманына өте білімді ғалым-теолог. Петропавл медресесінен басқа, Бұхарадағы жоғары діни семинарияны тәмәмдап, Бағдадта – мұсылмандықтың рухани орталығында тағылымдамадан өткеннен кейін ол Көкшетау діндарларын рухани ағарту үшін көп жұмыс істеді. Науан Хазіреттің бастамасымен жаңа мешіт салынды.

«Ғимараттың құрылысының нақты басталу уақыты белгісіз, бірақ 1893 жылғы қала жоспарында ол «жаңадан салынған мешіт» ретінде белгіленген. Әуелбеков көшесі XIX ғасырдың аяғында Қазан деп аталды, себебі ол негізінен Қазаннан келген татар саудагерлері қоныстанған. Дәл осы бай татар саудагерлері мен қазақтарының қаражатына жаңа мешіт салынып, қаланың барлық мұсылманы осы игі іске өз үлестерін қосты. Құрылысшылар қазаннан шақырылды, бірақ ғимараттың құрылысына қалалық қолөнершілер де қатысты. Жазушы Ибрагим Салахов, өзі ағаш ұстасы болған Көкшетау қаласының тумасы, бұл ғимаратта жұмыс істегендердің бірі оның әкесі Низам, Көкшетауда ағаш шілтермен безендірілген бір емес, бірнеше үй салған әйгілі шебер екенін айтты…», - дейді өлкетанушы.

Көкшетау
Фото: Ақмола облысы Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығынан

Айтуынша, өткен ғасырдың 20-жылдарына дейін ақ, оюлармен безендірілген мешіттің мұнарасынан азаншы (муизин) діндарларды дұға етуге шақырды, содан кейін ол Кеңес елінің көптеген діни ғимараттарының тағдырына тап болды. Мешіт мұнарадан айырылды, қайта салынды және әртүрлі жылдары қала қажеттіліктері үшін пайдаланылған қарапайым ғимаратқа айналды.

«1941-1945 жылдары бұрынғы мешітте қалыптасқан әскери бөлімдер, 1947-1974 жылдары – облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, кейін – драма театрының көркемсурет шеберханалары, республикалық көркемсурет көрме залының галерея-филиалы болды. 1989 жылы ғана Көкшетау облыстық атқару комитетінің шешіміне сәйкес мешіт қала діндарларына қайтарылды. Бүгінде мешіт ғимараты Көкшетау қаласының тарихи-мәдени мұрасының ескерткіші болып табылады және мемлекеттік қорғауда», - деп қосты Гүлбаршын Салық.

Тарихи тұлға, рухани көшбасшы, теолог-ғалым Науан Хазіреттің туғанына биыл 181 жыл толады. Ол халықты рухани ағарту үшін көп жұмыс жасады, діни рәсімдерді ұйымдастырды және жеңілдетті. Ол өз халқының кең ағартушылығын жақтады, әсіресе балалардың бастауыш біліміне қамқорлық жасады, мешітте мұсылмандардың қайырымдылықтары үшін интернаты бар медреселер ашты. Мектептің көмекшісі ретінде ол өзінің бұрынғы оқушысы Қотыркөл болысының тумасы Шәймерден Қосшығұловты алды. Мектеп-медреседе мұсылманмен қатар зайырлы білім берілді, оқушылар оқуды және жазуды үйренді, араб және орыс графикаларын оқыды. 

Көкшетау
Фото: Ақмола облысы Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығынан

«Медресе тәрбиеленушілері Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жатқа оқып, Біржан сал, Ақан сері әндерін шырқап, араб және парсы тілдерін және шығыс әдебиетінің классиктерін оқығаны туралы дәлелдер бар. Мектеп-интернатта сол кездегі уезд бастығы жүргізген тінту кезінде оқушылардан Фирдоуси, Навои, Саади, Низами және басқа авторлардың кітаптары тәркіленді. Ата-аналар оқу ақысын төлемеді, өйткені медреседе қосалқы шаруашылық болған, оқушылар сенушілердің қайырымдылықтары үшін сатып алынған малды өздері бағып, жазда қыста шөп жинады. Осылайша, жүз жыл бұрын Науан Хазірет медресесі өзін-өзі қамтамасыз ету қағидаттарында жұмыс істеді және іс жүзінде оқушыларды оқытуды өнімді еңбекпен байланыстырды», - деп түйіндеді Гүлбаршын Салық.

Айта кетсек, 2015 жыл Көкшетауда жаңа мешіт пайдалануға берілді. Кейін оған Науан Хазірет есімі берілді. Ал ескі мешіт Жақия қажы атындағы мешіт болып өзгертілді. Оның жанынан жаңа мешіт салынды. Қазіргі таңда көне мешіттің ғимараты Көкшетаудың тарихи-мәдени ескерткіші ретінде мемлекеттік қорғауға алынған. 

Еске салайық, бұдан бұрын Атбасардың көне ғимараттары өткен тарихтан сыр шертетіні туралы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар