Алатау халқы 2050 жылға қарай 1,9 млн адамға жетуі мүмкін

әкім
Фото: Алматы облысының әкімдігі/Kazinform

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Жаңадан құрылған Алматы облысын дамыту бүгінде Үкіметтің басты назарында. Шешімін табуы тиіс мәселелер аз емес. Осы орайда, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдегі өзекті мәселелер мен оларды шешуде қандай жұмыстар жүріп жатқанын айтып берді.

Қонаев
Фото: Алматы облысының әкімдігі

- Марат Елеусізұлы, өткен жылы облыс аумағында «G4 City» арнайы экономикалық аймағы құрылған еді. Жобаны іске асыру барысы туралы айтып өтсеңіз...

- Өткен жылы 12 желтоқсан күні Үкіметтің «Alatau» арнайы экономикалық аймағы құрылсын деген қаулысы шықты. Оның алдында бұл жоба «G4 City» арнайы экономикалық аймағы деп аталған еді. Өздеріңізге мәлім, Президенттің 9 қаңтардағы «Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» Жарлығы бойынша, Іле ауданынан Жетіген ауылы бөлініп, «Алатау» қаласы деген атқа ие болып, облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылды. Қазіргі таңда «Алатау» қаласы – жай ғана жоба емес, экономикалық прогрестің нағыз қозғалтқышына айналатын мекен. Қала қаржы, бизнес, сауда, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, туризм және ойын-сауық саласында жоғары деңгейдегі қызметтерді ұсынатын ірі орталық ретінде жобаланды. Тіптен халық саны 2050 жылға қарай 1,9 млн адамға жетеді деген болжам да бар. Сонымен қатар, 168 заманауи мектеп, 219 балабақша, 102 емдеу мекемесін салу жоспарланып отыр. Жаңа қалада 40 мың студент оқи алатын академиялық қалашық пен 1 млн жуық жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отырмыз. Бұл ауқымды жоспар тек Алматы облысының ғана емес, бүкіл еліміздің экономикалық өсімінің қозғаушы күшіне айналады. Сондай-ақ, 4 млн астам туристі қабылдай алатындай жағдай жасалады.

Қонаев
Фото: Алматы облысының әкімдігі

Айта кетейік, интеграцияланған қала төрт ауданнан тұрады. Олар: Gate City – іскерлік және қаржылық орталық, Golden District – білім беру және медициналық хабы, Growing District – инновациялық-индустриялық және сауда-логистикалық аймақ, Green District – туристік кластер.

«Алатау» еркін экономикалық аумағы да ұлғаяды. Ол Алматы облысында, Алматы қаласының солтүстігінде, 80 шақырымдық А3 (Алматы – Қонаев) тас жолының бойында 96 560 гектар аумақта орналасады. Ал, G4 City еркін экономикалық аумағы 30 мың гектарды қамтыған еді.

Еркін экономикалық аумақта арнайы құқықтық режим белгіленеді, яғни шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ олардың көлік құралдарының Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық келісімдерде белгіленген кіру, шығу, транзит және болу тәртібі қолданылады.

алматы облысы
Фото: Алматы облысының әкімдігі

- Алматы облысында ауыз су мәселесі бар екені жасырын емес. Бүгінгі күні бұл мәселені шешу үшін қандай жұмыстар істеліп жатыр? 

- Облыста 384 елді мекеннің 358-і (93,5%) орталықтандырылған сумен қамтылған, 24 елді мекен орталықтандырылмаған, 2 ауыл тасымалданатын суды пайдаланады. Жалпы су құбыры желілерінің ұзындығы – 5 128 шақырым. Бұл ретте Үкіметтің «Әрбір елді мекенде таза ауыз су» ұлттық жобасы шыққан болатын. Оған облыс бойынша 2023-2025 жылдарға арналған 90 жоба енгізілді. Ұлттық жоба шеңберінде 2 қала және 79 ауылда желілерді қайта жаңарту, 9 ауылда жаңа құрылыс жоспарланып отыр. Барлық жобалар аяқталған соң, 498 шақырым желі салынып, қайта жаңартылады. Нәтижесінде сумен жабдықтау желілерінің тозуы 53,5%-дан 47%-ға дейін төмендейді.

Қонаев
Фото: Алматы облысының әкімдігі

2024 жылға қарай ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамту 96%-ға жетуі керек, ал қалалар 100% қамтылған. Ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған сумен қамту бойынша 2025 жылы 99,6% дейін қол жеткізу жоспарланды.

Бізде әрдайым су мәселесін көтеріп жүрген Қарасай мен Талғар аудандары. Оның себебі де түсінікті, Алматы қаласына жақын орналасқандықтан бұл және басқа да аудандардың ауылдарында бастапқыда жоспарланғанға қарағанда тұрғындардың саны әлдеқайда көп. Әкімдіктер тарапынан ауыз сумен қамсыздандыру жүйелерінің жұмысын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыстық басқармалар мен органдар талдау жасап, алдағы уақытта оң өзгерістерге қол жеткіземіз. Бүгінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту және салу үшін 72 жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр.

Көлсай
Фото: Алматы облысының әкімдігі

- Алматы облысы – Қазақстанның туристік жерұйығы іспеттес. Мұнда Алатау тауы, Балқаш, Көлсай, Қайыңды, Қапшағай сынды табиғаты әсем көлдер, сарқырамалар жетерлік. Жалпы, өңірде туризм саласы қалай дамып жатыр?

- Еліміздің 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспарында туризмді дамыту, өңірлердің экономикалық әлеуетінің өсуіне негіз болады. Өткен жылғы жеткен жетістіктердің бірі – БҰҰ-ның біздің өңірдің туристік әлеуетін ресми түрде мойындауы. Самарқанд қаласында өткен Дүниежүзілік Туристік Ұйымы Бас Ассамблеясының 25-ші мерейтойлық сессиясында біздің Саты ауылы «Үздік туристік ауыл-2023» атағына ие болды. Бұл жаңалық туризмді дамытуға және мәдени, табиғи мұрамызды сақтауға деген міндеттемемізді растайды.

Білікті мамандар әр ауданның ерекшелігі мен туристік әлеуетін ескере отырып, Алматы облысы туристік саласының мастер-жоспарын әзірледі. Онда туризм саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың мақсаттары, міндеттері мен кезеңдері көрсетілген. Оның ішінде экотуризм, спорттық туризм, тау кластері, агротуризм мен жағажай туризміне басты назар аударылған. Осы бойынша, «Көлсай көлдері», «Таңбалы» мұражайы, «Тамғалытас» петроглифтері мен Қайыңды көлі аумағында 337 шақырым туристік абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Туристік инфрақұрылым туристер көп жиналатын жерлерде орнатылады. Биыл да осы жұмыстарды жалғастыру жоспарда бар.

Көлсай
Фото: Алматы облысының әкімдігі

2023 жылдың қорытындысы бойынша облыстың туризм саласындағы инвестициялар көлемі 52 млрд теңге болды, бұл – республика бойынша ІІ көрсеткіш. Сонымен қатар, туристік қызметтер көрсететін объектілерді анықтау үшін «Alma. Reg» (App store арқылы жүктеуге болады) қосымшасы жұмыс істейді. Қосымшада туристерге қажетті ақпарат, оның ішінде дестинациялар, орналастыру орындары, санаторийлер, көліктер, курорттар және өзге де пайдалы ақпарат бар.

«ALMATYREGION.TRAVEL» сайтында туристерге облыстың туристік әлеуеті, табиғи, тарихи, мәдени туризм объектілері туралы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қажетті ақпарат алуға мүмкіндіктер бар.

Көлсай
Фото: Алматы облысының әкімдігі

Былтыр облыстың туристік өнімдерін ілгерілету бойынша «Qonaev International balloon fest» халықаралық шар фестивалі , «Tengri ultra» Ұлы дала марафоны, «Oceanman» немесе-Балқаш регатасы секілді іс-шаралар жүзеге асырылды. Бұл шаралар біздің өңірге 100 мыңнан астам демалушыны тарта отырып, оң имидж қалыптастырады.

Былтыр ішкі саяхатшылар – 322 316 адам болды, Мемлекеттік Ұлттық табиғи Паркімен бірге есептегенде – 1,3 млн адам. «Еqonaq» ақпараттық жүйесінің 2023 жылғы деректеріне сәйкес, облысқа шетелден 83,6 мың адам келген, республика бойынша үштіктеміз.

Алматы облысы
Фото: Алматы облысының әкімдігі

- Облыста өзекті мәселе – ауылдарды газдандыру мәселесі. Өткен жылы қыркүйек айында Парламент Мәжілісінде облыста газдандыру мәселесі көтеріліп, өңірде газдандыруға жататын 294 елді мекеннің тең жартысы әлі газсыз отырғаны айтылған еді. Мәселе шешіле бастады ма?

- Облыстағы 384 елді мекеннің 294-і газдандыруға жатады, қазіргі уақытта 149 елді мекен газдандырылған, яғни барлығы 1,1 млн адам газға қол жеткізіп отыр.

Қазіргі уақытта 16 ауыл бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр, оған бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ маусымда Жамбыл ауданының Самсы және Үлгілі ауылдарының 2 нысаны пайдалануға берілді.

Осы жылдың І тоқсанында 6 нысанның құрылысы аяқталуы тиіс. Балқаш ауданы бойынша Бояулы, Миялы ауылдары, Талғар ауданы бойынша Қайнар, Коктал, ауылдары, Ұйғыр ауданындағы Шарын және Жамбыл ауданындағы Бірлік ауылына газ беріледідеген жоспар бар.

Бүгінгі күні «Бақанас» АГТС-те ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды, нәтижесінде Балқаш ауданы Бақанас ауылының 7 мың тұрғыны табиғи газға қол жеткізді. Жамбыл ауданы Беріктас, Дегерес елді мекендері және Іле ауданы Жаңаарна, Еңбек елді мекендері бойынша газ тарату желілерін салуға 1,6 млрд теңге бюджет қаражаты бөлінеді.

Жеке инвесторларды тарту есебінен Талғар ауданының Жаңалық ауылында 22 мың тұрғын газбен қамтылады. Сондай-ақ, 42 жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге облыстық бюджеттен 595 млн теңге бөлінді. Оның ішінде, Кеген және Райымбек аудандарын газдандыру үшін «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистральдық газ құбырын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Нәтижесінде 47,4 мың халқы бар 23 елді мекен газға қосылады.

Қонаев
Фото: Алматы облысының әкімдігі

Сондай-ақ Қонаев қаласын дамытудың 2024-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес «Жаңа-Іле», «Қонаев-2» АГТС құрылысы бойынша конкурстық рәсімдерді өткізуге және №10, №9, №20, Арна, Спутник, Рауан шағын аудандарына инженерлік инфрақұрылымына магистральдық газ құбырын салуға техникалық құжаттама дайындалып жатыр.

Бүгінгі таңда «Алматы-Байсерке-Талғар» МГ құбыр ішілік диагностикасы бойынша жұмыстар жүргізіле бастады, әрі қарай «Qazaq gaz» мекемесіне сенімгерлік басқаруға беріледі.

Айта кетейін, жалпы көрсеткіштердің орташа болу себебі, халқы аз елді мекендерге көгілдір отынды тасымалдау едәуір қымбаттау болады. Себебі, тұтынушылардың аздығы газ тасымалдау шығындарын толықтай өтей алмай жатады. Алайда, осы мәселелерді шешу барысында арнайы кеңестер өткізіп, талдап-талқылап жатырмыз. Алдағы уақытта оң шешемін табады деп сенеміз. Қазіргі уақытта көгілдір отын екі түрде беріліп жатыр, біреуі мемлекеттік, екіншісі жекеменшік кәсіпорындар арқылы.

- Алматы агломерациясына кіретін саяжайлар мәселесі көптен бері шешімін таппай келе жатыр...

- Алматы облысында 674 саяжай бар. Атап айтсақ, Қарасай ауданында – 200, Іледе – 157, Талғарда – 152, Еңбекшіқазақта – 135, Жамбыл ауданында – 21 және Қонаев қаласында 9 саяжай орналасқан. Қазіргі таңда 333 саяжайды жақын маңдағы елді мекендердің шекарасына енгізе отырып, бас жоспарды өзгерту жұмыстары аяқталды. Мәселен, Іле ауданында 5 елді мекеннің бас жоспарына 109 саяжай, Қарасай ауданында 4 елді мекеннің шекарасына 88 саяжай, Талғар ауданында 6 елді мекеннің шекарасына 92 саяжай, Еңбекшіқазақ ауданында 2 елді мекеннің шекарасына 44 саяжай массиві қосылады.

Саяжайлардың қосылу жоспары 2023 жылдан бері қаралып жатыр. Алдымен оларға елді мекен мәртебесі берілуі керек. Қазіргі таңда тұрғындар санын есептеп, бала-бақшалар мен мектептер саны бас жоспарға енгізіле бастады. Осы орайда тыңдаулар өткіздік. Ұсыныстарды мәслихат шешімімен бекітіп жатырмыз.

Айта кетейін, биыл 9 қаңтарда Іле ауданы Ащыбұлақ ауылына қарасты Ақжол саяжайында жаңа мектеп ашылды. Білім ордасы мемлекеттің жан басына қаржыландыру бағдарламасы аясында салынды. Мектеп саяжай аумағында болғандықтан, бірнеше саяжайдан автобус тасымалы ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда 4 бағытта 9 автобус оқушыларды тасымалдайды.

автобус
Фото: Алматы әкімдігі

- Мемлекет басшысы Алматы облысының көлік желісін жақсартуды тапсырған еді. Бұл бағытта қандай жұмыстар жасалды?

- Алматы облысының маршруттық желісі 105 автобус қатынасын қамтиды, оның ішінде 3 облысаралық бағыт, 28 ауданаралық бағыт, 37 аудан ішілік (қала ішілік) бағыт, 37 қала маңындағы бағыт. Қазіргі уақытта облыс аумағында 7 автостанция жұмыс істейді. Көлік инфрақұрылымын дамыту және маршруттық қатынастарын дамыту мақсатында Талғар, Еңбекшіқазақ, Балқаш, Іле, Ұйғыр, Кеген, Райымбек аудандарында автостанция орналастыру бойынша 8 ұсыныс қалыптастырылды.

Өткен жылы облыс әкімдігі 12 жаңа автобус бағытын ұйымдастырды. Жолаушыларды Алматы қаласының қала маңындағы маршруттарын қамту аймағына тасымалдау үшін ұсыныс жіберілді. Сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігі 9 жаңа қала маңындағы маршрут ұйымдастырды. Осылайша, өткен жылы облыстың 49 елді мекенін қамтыған 20 автобус бағыты іске қосылды.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қонаев қаласында – 12, Талғар қаласында – 4, Қарасай ауданында – 16 жылжымалы құрам жаңартылды.

Қоғамдық көлікте төлемдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Талғар, Еңбекшіқазақ және Қарасай аудандарында - Alempay, Қонаев қаласында, Жамбыл ауданында - Innovorse Solutions, сондай-ақ «Алматы облысының автобус паркі» ЖШС – ONAY электронды билет жүйесі енгізілді.

Мемлекет басшысының Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында берген тапсырмасы мен облыс әкімінің 2023 жылғы 26 қаңтардағы қаулысына сәйкес «Алматы облысының автобус паркі» ЖШС құрылды. Осылайша мемлекеттің қатысуымен муниципалды автобус кәсіпорнын құру туралы тапсырма орындалды.

Қонаев
Фото: Алматы облысының әкімдігі

- Алматы облысында ауыл атауларын қазақшалау жұмысы қалай жүріп жатыр?

- Мемлекеттің, оның ішінде ұлттың сипаты, ең алдымен оның тілі мен ономастикалық атауларынан көрініс табатыны сөзсіз. Расында, жер-су атауларына ерекше мән берудің маңыздылығы жоғары. Елдің, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан болмысы, танымы, тарихы елді мекен атауларында жатыр. Біздің өңірдегі ономастикалық нысандарға атау беру және оларды қайта атау жұмыстары Президент Әкімшілігінің тапсырмасы негізінде жалпыға ортақ тарихи сананы қалыптастыру мақсатында бекітілген «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары», «Дәстүрлі атаулар» тізімдеріне сәйкес жүргізіліп келеді. Бұл ретте облыста 60 әкімшілік-аумақтық бірліктің (аудан, ауылдық округ, ауыл), 3 103 құрамдас бөліктің (көше, даңғыл, саябақ, т.б.), 225 білім мекемесі мен 8 мәдениет үйінің атауы тарихи тұлғалардың есімімен аталады. Қазіргі таңда тізімде көрсетілген 555 тарихи тұлғаның 343-інің есімі ұлықталып отыр.

Сондай-ақ, облыс аумағындағы әкімшілік-аумақтық бірліктер мен құрамдас бөліктердің 3 011-і кісі есімімен (9 аудан, 1 қала, 13 ауылдық округ, 42 елді мекен, 2 956 көше), 1 712-сі жер-су атымен (9 аудан, 1 қала, 65 ауылдық округ, 181 елді мекен, 1 466 көше), 1 616-сы дәстүрлі атаумен (23 ауылдық округ, 73 елді мекен, 1 520 көше) аталады. Бұл бағыттағы жұмыстар көп зерттеу мен байыптылықты талап етеді, себебі әрбір атау халық үшін, болашақ ұрпақ үшін аса маңызды.

Биыл Алматы облысы бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген 425 көшені, 7 ауылдық округ пен 9 елді мекеннің атауын өзгерту жоспарланып отыр.

- Атом электр станциясын салуға Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының аумағы таңдалғанын білеміз. Сіздің АЭС салуға көзқарасыңыз қандай, оны салу еліміз үшін қаншалықты тиімді болмақ?

- Меніңше АЭС салу келесі бағыттардың дамуына оң әсерін тигізеді: еліміздің ғылыми-техникалық және кадрлық әлеуеті, экономика, жаңа жұмыс орындары, білім беру, жобалау, жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін технологиялар, аралас салалар. Бұл жерде 60 жылдан астам уақыт бойы халқымызды сенімді энергиямен қамту мәселесі бар. АЭС орналасқан ауданда инфрақұрылым дамиды.

Қонаев
Фото: Алматы облысының әкімдігі

- Келесі сұрақ, неліктен жаңадан құрылған Алматы облысының әкімдігі казино ғимаратына орналасқан және Қонаевта орналасқан казинолар алдағы уақытта жабыла ма? 

- Қонаев қаласындағы жылжымайтын мүлік нарығын талдап, облыс орталығының қолданыстағы әкімшілік ғимараттары иелерінің коммерциялық ұсыныстарын қарастыра отырып, шығындарды минималды шығындармен қаржыландырудың әртүрлі нұсқасы қарастырылды. Ғимараттарды жалға алу кезінде (11,9 мың ш.м.) бір айда 60 млн теңге қажет болады, 3 жылда бұл сома 2,1 млрд теңге, яғни сатып алынған ғимарат сомасының 65%-ын құрайды. Ғимаратты сатып алуға 3 254 647 000 теңге (1 ш.м. 274 мың) бөлінді. Бұл – нарықтық бағадан әлдеқайда төмен. Ал бізге ғимараттарды нарықтық бағадан төмен, қазіргі бағамен сатып алу экономикалық тұрғыдан тиімді.

Қазіргі уақытта облыстағы ойын аймағының орнын өзгерту мәселесі күн тәртібінде жоқ. Сонымен қатар, Қонаев қаласындағы ойын бизнесі – бюджетке негізгі салық төлеушілердің бірі. Жыл сайын 80 млрд теңгеден астам түсіреді. Жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыс орындарымен (3000-нан астам адам) қамтылып отыр.

Соңғы жаңалықтар