Қостанайда әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы қымбаттады

азық
Фото: Pixabay

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Дүкендер мен супермаркеттер мониторингі әлеуметтік маңызы бар өнімдерді сату саласындағы бұзушылықтарды анықтады. Кәсіпкерлер 313 мың теңге көлемінде айыппұл төледі.

Қала бойынша барлығы 1523 сауда нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 53 супермаркет, 55 шағын маркет, 1415 үй жанындағы дүкендер.

Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің хабарлауынша, сауда нүктелерінің иелерімен әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасын 15 пайыздық сауда үстемесінен асырмау туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізіліп тұрады.

Мұндай тауарлардың жағдайына келсек, жалпы қала бойынша 350 әлеуметтік сөре бар.

Бағаларды қадағалайтын арнайы топ құрамында сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті, техникалық реттеу және метрология департаменті, ауыл шаруашылығы басқармасы, кәсіпкерлік бөлімі, «Тобыл» ӘКК» АҚ, «АМАНАТ» партиясының облыстық филиалы өкілдері бар.

Топ әр айдың басында бір рет тексеру жүргізеді.

- Өткен аптада баға мониторингі аясында үй жанындағы 30 дүкен тексерілді. 19 тексеріс қазіргі уақытта құқықтық статистика органының тіркеуінде, - деп нақтылады кәсіпкерлік бөлімінде.

Тексерулер азаматтардың шағымдары бойынша да жүзеге асырылады.

Мәселен, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарларға баға белгілеу тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия 30 отырыс өткізді.

Тауық еті, жұмыртқа, нан және ұн бағасын көтерудің делдалдық схемаларының 7 фактісі анықталып, комиссияға ұсынылды.

Әлеуметтік маңызды тауарлар бағасын белгілеу тетігін іске асыруға 5,6 млрд теңге, оның ішінде тұрақтандыру қорының қызметіне - 3,1 млрд теңге бөлінді.

Соңғы жаңалықтар