ҚПЛ: «Ақтөбе» мен «Астана» тең тарқасты

футбол
Фото: Астана ФК

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының VII турында «Ақтөбе» мен «Астана» командалары кездесті.

Қос команда жыл сайын жүлделі орындарға таласады. Биыл да алдарына үлкен мақсат қойып, біріншілік жеңімпазы атануға талпынған еліміздегі екі үздік клуб қарсыластарына есе жіберіп, ұпай қорын молайта алмай жүр. Бұл жолы қос мықты үш ұпай үшін жасыл алаңда аянып қалған жоқ.

Кездесудің 23-минутында «Астана» сапынан Исламбек Қуат гол соғып, командасын есепте алға шығарған. Дегенмен ол 41-минутта қызыл қағаз алып, алаңнан қуылып, елордалық клубты қиын жағдайда қалдырды. 

Әрмен қарай өз қақпасына гол өткізіп алған ақтөбелік команда шабуылға жиі шықты. Олар таразы басын теңестіруге ұмтылды. Ойынның 77-минутта ақтөбелік жартылай қорғаушы Идрис Умаев алыстан қақырата соққы бағыттап, елордалық қақпашы Александр Заруцкийді қапы қалдырды. 

Тартысты өткен кездесуде 1:1 есебі тіркелді.

«Қайрат» «Атырауды», «Тобыл» «Жетісуды» 1:0 есебімен жеңіп, турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. Ал, Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуын», «Тұран» «Қызылжарды» 1:0, «Елімай» «Жеңісті» 2:1 есебімен жеңді. 

Аталған турды ертең, 5 мамырда 19:00-де «Шахтер» мен «Қайсар» командалары түйіндейді. 

Еске сала кетейік, бұған дейін бүгін футболдан ел біріншілігінің VII туры басталатынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар