Кристалина Георгиева Халықаралық валюта қорының басшысы лауазымына жалғыз үміткер атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) басқарушы директоры лауазымына жалғыз үміткер ХВҚ-ның қазіргі басшысы Кристалина Георгиева болды, деп хабарлады IMF.
«3 сәуірде Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры лауазымына кандидаттарды ұсыну процесі аяқталды. Бір кандидат ұсынылды, ол ХВҚ-ның қазіргі басқарушы директоры Кристалина Георгиева», - делінген ХВҚ баспасөз хабарламасында.
Жақын арада Георгиева мен ХВҚ атқарушы директорлары арасындағы кездесулер өтеді және бұл процесті «мүмкіндігінше тезірек, 2024 жылдың сәуір айының соңына дейін» аяқтау жоспарлануда.
Кристалина Георгиева – болгариялық экономист және Дүниежүзілік банктің бұрынғы бас атқарушы директоры. Ол бұл қызметті 2017 жылдың қаңтарынан бері атқарып келеді. 2019 жылдың 1 қазанынан бастап – ХВҚ басқарушы директоры. Оның өкілеттігі 2024 жылдың қыркүйегінде аяқталады.
Bloomberg бұған дейін Георгиева Еуропалық Одақтың қаржы министрлерінің қолдауына ие болғанын хабарлады.
Халықаралық валюта Қоры – басты кеңсесі Вашингтонда орналасқан Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі. 1946 жылдан бастап ХВҚ басшысы әрқашан Еуропаның өкілі болды.