Құдалыққа кімдер барады?

Құдалық
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Kazinform агенттігі назарларыңызға ұлтымыздың тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырындағы маңызды салт-дәстүрлерін ұсынады.

Құдаласу салты

Үкі тағу салтын өткізген соң жігіттің ата-анасы бауыр-туыс, құда-жегжаттарын шақырып кеңес құрып, құдалыққа барудың қамына кіріседі. Құда-құдағиларға міндіретін ат, кидіретін шапан секілді бағалы заттарын əзірлейді, сондай-ақ, құда-құдағи болып баратын адамдарын іріктейді. Құдалыққа көргені көп, əртүрлі өнерге жетік, салт-дəстүрге жүйрік, шешен де іскер бір адам бас құда болып тағайындалады да, күннің сəтін талғап, құдалыққа аттанады.

Құдалыққа барған адамдарды қыз ауылы шашу шашып қарсы алады. Шашуды сол ауылдағы ең үлгі-өнегелі, бетті-беделді бəйбішенің бірі бастап шашады. Оны басқа абысындары мен келіндері жалғастырады. Шашуға көбінде жерге түссе былғанбайтын кепкен құрт, ірімшік, қант, кəмпит секілді тəтті-дəмді нəрселер шашылады. Оны жиналған жұрт күліп-ойнап, таласа-тармаса теріп жейді. Құдалар үйге кіріп отырып алған соң да сыйлы-беделді бəйбішелер шашуын ала келіп шашып жатады. Бұл – осы ауылдағы барша адамның «құдалық құтты болсын», «қуаныш бəрімізге ортақ» деген ізгі ниеттерінің белгісі.

Табалдырық аттар

Қазақ салтында құдалыққа келген адамдарды бірден үйге кіргізбейді. Ауылдың сергек те шешен бір əйелі үйге кірерде олардың алдын тосып: «Табалдырық аттарларыңызды беріңіздер, болмаса үйге кіргізбейміз» дейді. Құда-құдағилар «табалдырық аттар» кəдесін (жолын) берген соң, есік ашып үйге кіргізеді. Бұл «табалдырық аттар» делінеді.

Сыбаға асу

Құдалық
Фото: instagram.com/tezbesh

Құда-құдағилар үйге кіріп жайғасып отырған соң «еске алған ескі асынан сақтайды» деп, сүр еттен (үйде бар дайын ет) оларға сыбаға асады. Қазақта, ақсақалдар мен құда-жекжаттарға сыбаға сақтау – бұзылмайтын заң іспетті. Мұнда, малдың барлық мүшесінің адамдардың атақ-дəрежесіне қарай тартылатын орны бар. Олардан қателесу қонақ иесі үшін үлкен айып, тіпті олардың орнын ауыстырса немесе бірінің етін біріне шатастырса, яғни, бас тартатын адамға жамбас, жамбас тартатын адамға жілік тартса, міндетті түрде айып төлейді. Себебі сыбағалы сүйектерді дұрыс тарту-тартпау – адамның қадір-қасиетіне саятын мəселе. Əр адамның жолы, жасы, атақ-даңқына қарай сыбағалы еншісін бермеу, сол адамға қарата айтқанда менсінбеу, əдейі сағын сындыру, тіпті қорлау болып есептеледі.

Материал Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты кінабына негізделіп дайындалды.

Соңғы жаңалықтар