Мамыр мерекелерінде шомылуға бармаған жөн – құтқарушы

Ринат Файзуллин

АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Қазгидромет» мамандары мамыр айында еліміздің оңтүстік өңірлерінде ауа-райының біршама жылынатынын болжайды. Күн жылынуымен ай басындағы мереке күндерін пайдаланып тұрғындар әртүрлі су қоймаларына барып шомылуы мүмкін. Осы орайда, Алматыдағы ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Ринат Файзуллин су маусымы қашан басталатыны және қауіпсіздік ережелерін қалай сақтау керек екенін айтып берді.

Алматыдағы Республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы өз тәжірибесіне сүйене отырып жабдықталмаған өзен-көлдерде шомылмауға кеңес береді. Ринат Файзуллиннің айтуынша, қазір Алматы маңындағы су қоймаларының температурасы суға түсетін қажетті деңгейде қызып үлгермеген.

«Мамыр айының басындағы мереке және демалыс күндері шомылуға бармаған дұрыс. Өйткені өзен-көлдердегі су әлі қызыған жоқ. Жалпы су температурасы 18 °C градустан төмен болмайтын жабдықталған су қоймаларында шомылған жөн. Қазір су температурасы небәрі 7-8 °C градус болып тұр. Сондай-ақ Алматы маңындағы «Әуежай көлі» секілді жабайы су қоймаларында шомылуға тыйым салынады. Оның бірнеше себептері бар. Біріншісі, су қоймасының жағалауында не су астында адам денсаулығына зиян келтіретін қауіпті заттар болуы мүмкін. Екіншіден, «Әуежай көліне» Кіші Алматы өзенінінен құйылатын қауіпті компоненттердің деңгейі жоғары болуы байланысты мұнда Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті шешімі бойынша шомылуға рұқсат етілмейді», – деді құтқарушы.

Ол сондай-ақ шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, алкогольдік ішімдіктерді қолданбау қажеттігін атап өтті.

«Суға түсу кезіндегі қауіпсіздік ережелері мен талаптарына келсек, алкогольдік ішімдіктерді қабылдап, мас күйде шомылуға болмайды. Оған қоса, өзіңе таныс емес су қоймасында белден төмен жерге барудың қажеті жоқ. Әсіресе, балалар мен жүзе алмайтын адамдар абай болуы қажет. Егер бір топ адам шомылуға келсе, олардың бір-бірін бақылап, көзден жоғалтпағаны жөн. Жүзе алмайтын азаматтың үрленген матрац не шеңберді қолдануына кеңес берілмейді. Олар тез жарылатындықтан, адам қауіпті жағдайда қалып қоюы мүмкін. Тағы бір ескеретіні, Қапшағай сынды су қоймаларында катер, қайықтарға жақын жүзуге және қайық, көпір сынды жерлерден секіруге болмайды», – деді Ринат Файзуллин.

Ринат Рустамұлының айтуынша, суда ұзақ жүзу де адам өміріне қауіпті. Адам өз күшін ескермей, салқын суда ұзақ болуы дене температурасының төмендеуіне, сондай-ақ аяқ-қолдардың тартылуына әкеледі.

«Суда ұзақ болмауға да кеңес беріледі, өйткені гипотермия (дене температурасының төмендеуі) орын алуы мүмкін. Гипотермия көбінесе аяқ-қолдардың ұстамасына алып келеді. Ұстама орын алса, адам арқасына жатып, жағалауға қарай жүзуі не ине/түйрегішті ұстама болған дене бөлігіне енгізуі, ол болмаған жағдайға аяқ ұшын өзіне қарай тартуы қажет», – деді Республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы.

Соңғы жаңалықтар