Маңғыстау жастары «Ыбықты-Сай» шатқалына сенбілік жасады

Ыбықты Сай
Фото: Қоғамдық коммуникациялар орталығы

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстауда «Таза Қазақстан» атты экологиялық акция шеңберінде қала белсенділері «Ыбықты-Сай» тарихи орнына тазалық жұмыстарын жүргізді.

Қоғамдық коммуникациялар орталығының мәліметінше, экологиялық акцияға облыстық «Жастар» ресурстық орталығының өкілдері және «Yessenov» колледжінің студенттері атсалысты.

Маңғыстау
Фото: Қоғамдық коммуникациялар орталығы

«Маңғыстау облысы еріктілерінің ұйымдастыруымен Ыбықты-Сай шатқалына сенбілік өткізуді ұйғардық. Киелі өлкенің көрікті жерлеріне саяхаттайтын туристер ағыны жыл сайын артып келеді. Табиғат-Ананың қымбат қазынасы ретінде мұндай жәдігерлердің бастапқы қалпын бұзбай, жайнап тұруы тікелей бізге байланысты. Ұрпақтың жарқын келешегі туған жеріне деген сүйіспеншіліктен басталады», — деді қала еріктісі Амангүл Жамкен.

Маңғыстау
Фото: Қоғамдық коммуникациялар орталығы

Ыбықты-Сай шатқалы Ақтаудан 60 шақырым жерде орналасқан. Табиғат туындысы Қазақстанның ең терең ойпаты Қарақияда орналасқан. Көптеген адамдар оны ашық шатқал деп атайды. Миллиондаған жылдар бойы жаңбыр мен жел мүжіп, мінсіз мүсіндеген шатқалдар көркімен көз баурайды. Таңғажайып лабиринттер мен аркалардың әлеміне енгендей күйге бөлейді.

Соңғы жаңалықтар