Маңғыстауда далалы алқап ерекше күйге енді

"Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркі
Фото: "Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркі

АҚТАУ. KAZINFORM - Маңғыстау облысындағы «Манашы» мемлекеттік табиғи қаумалында биыл өсімдік атаулы жылдағыдан мол шығып, алқап ерекше күйге енді.

Ұзақ жылдардан кейін қаулай өскен шөп даланың сәнін кіргізе түскен. «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің басшысы Мыңберген Қаратауов бұл құбылысты жақсылыққа балап отыр.

Фото: «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі

«Қаумал соңғы рет 2016-2017 жылдары осындай күйге енген еді. Одан кейінгі жылдары шөп жақсы шықпады. Дала тақыр болмаса да аса биік көтерілмейтін. Негізінен қай уақытта да Үстірт жазығында шөп болады. Бірақ биылғы көрініс баршамызды қуантып отыр. Бейнеу ауданындағы 5-ші разъезд бен Сейсем ата қорымы аралығында қазір құлпырып тұр. Манашының бұдан арғы аумақтарындағы көрініс басқаша», — дейді Мыңберген Қаратауов.

Фото: «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі

Инспекторлар қаумалда өсімдік атаулы гүлдеп, жазық даладаның топырағын көрсетпестей өсуін ылғалдың мол түсуінен деп отыр.

Фото: «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі

Қазір «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қызметкерлері өздеріне қарасты жерлерді тұрақты қадағалап, аң-құстарды броконьерлердің атуына тосқауыл болып жүр.

Фото: «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі

«Манашы» мемлекеттік табиғи қаумалы 2015 жылы құрылған. Жер көлемі 172 573,2 гектар болатын бұл жер облысқа қарасты Маңғыстау мен Бейнеу аудандары аралығында орналасқан.

Фото: «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі

2021 жылы Маңғыстау облысы бойынша қуаңшылық жағдайы тіркелді. Сол уақытта өңір шаруалары шығынға батып, жайылымнан тістейтін шөп таппаған мал атаулы тегіс қырылған еді.

Соңғы жаңалықтар