Маңғыстауда құмар ойындарға қатысты екі жүзден астам іс қозғалды

казино
Фото: Pixabay

 АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстауда заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл кешенді жоспар аясында 2,5 мың ойын терминалы жойылды.

Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Марат Балгазиннің айтуынша, соңғы үш жылда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған 30- дан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, 11 қылмыстық топ құрықталды.

«Қазіргі уақытта ойын автоматтарының жасырын қызметіне қатысты бірер деректер кездеседі. Алайда олардың да күні таяу, себебі ұялы байланыс операторларының SIM карталары арқылы ойын автоматтарын қашықтан өшіру механизмі іске асырылып бастады. Сондай-ақ, жасырын казинолардың қызметіне қарсы күрес жүйелі жүргізіліп келеді. Жыл сайын шамамен 30-40 дерек анықталады. Ал, аталған мәселеге қатысты 500-ден астам іс қозғалып, 2,5 мың ойын терминалы жойылды. Барлығы 200 іс қозғалып, покер үстелі, рулетка және басқа да құрал-жабдықтар түрінде 4 мыңнан астам затты тәркіледік», — деді Марат Балгазин қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте.

лудомания
Фото: Pyxabay.com

Букмекерлік кеңселердің сайтына тіркелу үшін тек телефон нөмірі талап етіледі. Сондай-ақ жалған тұлғалар атынан шот ашу, соның ішінде оларды бөгде адамдарға қайта сату тәуекелдері бар екеніні атап өткен жөн. Департамент басшысының аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Темірлан Наурызбай мәселе бойынша мән-жайды атап өтті.

«Зай бойынша тым салынғанымен букмекерлік кеңселерде 180 мыңға жуық жас 36 млрд теңге көлемінде бәс тіккен. Ойын бизнесін ұйымдастырушылар үшін ойыншылардың арнайы сайттарда кедергісіз тіркеліп, мүмкіндігінше қомақты қаржы жұмсауы аса маңызды. Сондықтан ойыншы қаражатты кімнен және қандай жолмен табатыны оларды мүлдем қызықтырмайды. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер терминалдар арқылы ойын шоттарын қолма-қол ақшамен анонимді түрде толтыра алады. Көпшілік жасөспірімдер ақшаны қайдан алады деген сауалды жиі қояды. Бұл — баршаға ортақ өзекті мәселе. Кәмелетке толмағандарға онлайн несие рәсімдеп, кейін міндеттемелерді ата-ана мойнына жүктейтін микроқаржы ұйымдарының жұмысына көпшілік наразы, — деді Темірлан Наурызбай.

Осыдан 4 жыл бұрын дүкендерде, сауда орталықтарында және компьютерлік клубтарда орналасқан ойын автоматтары қызмет еткен болатын. Алайда соңғы кездері жағдай күрт өзгергені байқалады.

Соңғы жаңалықтар