Маңғыстауда вандалдар қиратқан зират қайта қалпына келтірілді

қалпына келтірілді
Фото: Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация қызметі

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысындағы Қарақия ауданында вандалдық әрекеттерден кейін православиелік зиратқа қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

Ауданның әкімдік қызметкерлері шулы оқиғадан кейін православие зиратындағы жағдай бойынша тиісті шараларды қолға алып, соған қатысты жұмыстардың аяқталғанын мәлімдеді.

«Бейітте белгісіз адамдар шойыннан орнатылған қоршауды кесіп тастаған. Сондай-ақ өзге де қабірлерді қоршаған шарбақтардың ұрланып, крестердің орнынан алынғанын анықтадық. Қабір басындағы қоршаулар қайта қалпына келтіріліп, бұл жағдай бақылауға алынды», - деді Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Санат Төкенов.

Бұған дейін Маңғыстаудың Қызылсай ауылының маңындағы өзге ұлт өкілдерінің зиратын белгісіз адамдардың қиратып кеткені туралы фотосуреттер желіде жария болған еді. Полиция аталған оқиғадан соң «Вандализм» бабы бойынша істі тіркеуге алды. Қазіргі уақытта кінәлілерді құқық қорғау органдары іздеп жатыр.

Соңғы жаңалықтар