Мас күйінде қызметтік көлікпен ұсталған Зеренді ауданы әкімінің орынбасары қызметінен босатылды

жиын
Фото: Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Мас күйінде қызметтік көлікпен ұсталған Зеренді ауданы әкімінің орынбасары қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің әдеп жөніндегі кеңестің көшпелі отырысында мәлім болды.

Кеңесте Зеренді ауданы әкімінің қызметтік тәртіпті нығайту, қызметтік әдеп норма бұзушылықтарын алдын алу туралы есебі тыңдалды.

Сонымен қатар, біліктілік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдарда мемлекеттік әкімшілік лауазымға адамдарды тағайындауға талдаудың қорытындысы қаралды.

Бұдан бөлек, кеңесте мас күйінде қызметтік көліктің руліне отырып, артынша полиция ұстаған Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Есімхан Байғабыловқа қатысты тәртіптік іс қаралды.

Осы мәлеле бойынша Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Бауыржан Нұрмағамбетов баяндама жасады.

жиын
Фото: Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті

Қызметтік тексеріс барысында 28 қаңтар сағат 23:35 шамасында Есімхан Байғабыловтың «021 AS 03» мемлекеттік нөмірлі қызметтік автокөлікті мас күйінде басқарғаны және Жол қозғалысы қағидаларының 2-тарауының 12-тармағының 2-тармақшасын бұзғаны анықталды.

Сот қаулысымен Е.Байғабылов Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 608-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және осы бап бойынша оны 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыра отырып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алды.

Сот қаулысы 26 ақпанда заңды күшіне енді.

Сондай-ақ, әлеуметтік желілерге мониторинг барысында 9 ақпанда жергілікті желілерде Е.Байғабыловтың Ақадыр ауылының тұрғынымен телефон арқылы сөйлескен жазбасы жарияланғаны анықталды, оның барысында ол ауыл тұрғынына дөрекі сөйлеп, балағат сөздер айтқан.

Қызметтік тергеу барысында Е.Байғабылов мас күйінде автокөлік басқару және Ақадыр ауылының тұрғынымен дөрекі сөйлесу деректерін мойындамады. 

Ол әлеуметтік желіде жарияланған аудиожазбадағы дауыс өзінікі емес деп санайды. 

Ал Ақадыр ауылының тұрғыны Е.Байғабыловпен телефон арқылы сөйлескені жайлы жазбаша түсініктеме беруден бас тартты, тек ауызша растады.

Кеңес отырысына Е.Байғабыловтың өзі келген жоқ.

Кеңес қорытындысы бойынша Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Думан Әбілев төрағалық ететін әдеп жөніндегі кеңес Е.Байғабыловтың Мемлекеттік қызмет туралы заң мен Әдеп кодексіне қайшы әрекеттері үшін Зеренді ауданы әкімінің орынбасары қызметінен шығару туралы ұсыныс жасады.

Айта кетсек, бұдан бұрын Зеренді ауданы әкімінің орынбасары 15 тәулікке қамалғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар