Мәулен Әшімбаев «Қарметтің» жаңа басшылығына қатысты пікір білдірді

Сенат төрағасы
Фото: senate.parlam.kz

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев «Қарметтің» жаңа иесіне қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Барлық атқарылатын іс-шаралар Үкіметтің тікелей бақылауында болады. Мемлекет басшысы тиісті тапсырманы жүктеді. Сол себепті депутаттар да осы мәселені бақылауда ұстап, үнемі кәсіпорынға барып, ондағы жағдайға мониторинг жасаймыз. Инвестор өзіне алған барлық міндеттемені толықтай орындайды деп сенеміз» - деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осы орайда Сенат төрағасы кәсіпорынға қомақты инвестиция салынатынын айтты.

«Бұл мәселенің барлығы бақылауда болады. Кәсіпорын басшылығы өндірісті ары қарай дамытып, алға қойылған міндетті орындап, жұмыс орындарын сақтап, табысты еңбек етеді деп сенеміз», - деді Мәулен Әшімбаев.

Еске салсақ, жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қарметтің» жаңа иесіне қатаң талап қойылатынын айтты.

«Жақында менің тапсырмаммен Қарағанды металлургиялық комбинатын қазақстандық компанияның меншігіне беру мәселесі сәтті шешілді. Жұмыстың бастапқы кезеңінде компанияға көмектесу – Үкіметтің ендігі міндеті. Содан кейін кәсіпорынның жаңа иесіне қатаң талап қойылады», - деді Президент.

Соңғы жаңалықтар