Мектеп кітапханашыларына педагог мәртебесі берілмек

Библиотекарь
Фото: Tima Miroshnichenko/Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде мектеп кітапханашыларының жалақысын көтеру үшін оларға педагог мәртебесін беру мәселесі қарастырылып жатыр.

Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, республикада 8 489 мектеп кітапханашысы бар.

Дегенмен, салада білікті мамант тапшылығы байқалады.

Мұның үстіне олардың жалақысы да біршама төмен. 

Айталық, 3 жылдық еңбек өтілі бар кітапханашының айлығы 105 208 мың теңгені құрап отыр.

Салыстырмалы түрде айтар болса, олар 2021 жылы не бәрі 72 558, ал 2022 жылы 89 246 теңге жалақы алып келген.

«Қазіргі уақытта „Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын бекіту туралы“ қаулыда „педагог-кітапханашы“ лауазымы қарастырылмаған. Соған байланысты мектеп кітапханашылары „Педагог мәртебесі туралы“ заңда көзделген жеңілдіктер мен қолдауларды ала алмайды. Бүгінде мектеп кітапаханашыларына мәртебе беру мәселесі қарастырылып жатыр» делінген министрліктің агенттік сауалына берген жауабында. 

Ведомствоның атап өтуінше, еліміздегі 7 089 мектебінде кітапхана бар, олардың кітап қоры — 137 млн дана.

Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынған дерекке сәйкес, республикада 3 898 жалпыға қолжетімді кітапхана, оның ішінде республикалық маңызы бар қалаларда 92 кітапхана бар.

Өткен жылы олардың оқырман саны 51,9 млн адамға жетті.

Соңғы жаңалықтар