Министрдің орынбасары сәуір айында Бишімбаев сот отырысына неге келмегенін түсіндірді

қуандық бишімбаев
Фото: Жоғарғы сот

АСТАНА. KAZINFORM – Cәуір айының аяғындағы сот отырысына Қуандық Бишімбаев техникалық сипаттағы мәселе бойынша уақытылы жеткізілмеді. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев айтты.

Бүгін Парламент Мәжілісінде тілшілер министрдің орынбасарынан 29 сәуірде істі болған Қ. Бишімбаев не себепті сотқа уақытылы жеткізілмегенін сұрады.

Өз кезегінде А. Рысбаев бұған техникалық сипаттағы мәселелер әсер еткенін айтты.

«Қазір қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Тексеріс аяқталғаннан кейін, тиісті ақпарат жарияланады. Мәселен, автокөлік себеп болған. Көліктің оталмауы, бұзылуы немесе дөңгелегі жарылуы мүмкін», - деді ведомство өкілі.

Бұл ретте, тілшілер Бишімбаевтің өзіне қол салмақ болған деген ақпарат қаншалықты шындыққа жанасатынын туралы сұрақ қойды.

Айдос Рысбаев мұндай ақпараттан хабарсыз екенін айтты.

Еске салсақ, биыл 29 сәуір күні сағат 10:00-де басталуы тиіс экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы түстен кейінге қалдырылды.

Сол кезде судья күдіктілерді жеткізетін қызметкерлердің жұмысында техникалық ақау болғанын айтты.

Соңғы жаңалықтар