Ортағасырлық Сарайшық – Ұлық ұлыстың астанасы

Сарайшық
Фото: Сарайшық музей-қорығы

АТЫРАУ. KAZINFORM – Ертең Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны өтеді. Бұған дейін Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы Ұлытауда, екінші отырысы Түркістанда өткен еді. 

Былтыр Мемлекет басшысы «Ел тарихында айрықша орны бар тағы бір аймақ – Атырау облысы. Ондағы әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккен. Мен Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын осы шежірелі аймақта өткізуді ұсынамын», - деген болатын. 

Енді міне, күні ертең сәулеті мен мәдениеті туралы талай тарихшы тамсана жазған шежірелі аймақта игі жақсылар бас қосады. 

Ортағасырлық тарихи қаланың орны Махамбет ауданындағы Сарайшық ауылында Жайық өзенінің жағасында орналасқан. Сегіз жыл бұрын тарихи мекенді сақтап қалу үшін өзен жағалауын бекіту жұмысы басталған. Ал, былтыр жаңа сапар орталығы ашылды. Тарихи қаланың орны шетелдік туристер қызығатын археологиялық ескерткіштер қатарына енген. Мәселен, Сарайшық музей-қорығының тарихымен танысуға 2021 жылы 12 мың, 2022 жылы 18,5 мыңнан аса адам келген. 

Сарайшық
Фото: Сарайшық музей-қорығы

ХІІІ ғасырдан бұрын басталған тарих «Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұқтардың пікірінше, қазақ даласындағы ең көне тарихи қала Ұлы Жібек жолындағы сауда орталықтарының бірі болған. Ортағасырлық қаланың тарихы тым тереңде жатыр. Жазба деректер де көп. Өйткені, Сарайшық – Ұлық ұлыстың астанасы деңгейіне жеткен қала. 

«Бұл орайда алдымен ортағасырлық зерттеуші Әбілғазының еңбегіне назар аудару керек. Өйткені шежіреші Ұлық ұлыс ханы – Берке туралы жаза келіп: «Бір күні аттанып, ағасының (Батудың) салдырған Сарайшық атты шаһарына барды» деп анық көрсетеді. Яғни, қаланы тікелей Ұлық ұлыс тарихымен байланыстырады. Дегенмен қаланың негізсіз жерде пайда болмайтынын ескерсек, оның тарихы тереңде жатқанын сезінесің. Кезінде бұл турасында Әлкей Марғұлан орынды ескерткен болатын. Сарайшықтың атағы Ұлық ұлыс тұсында әлемге жайылды. Бату және одан кейінгі ел билеушілері заманында Сарай-Бату (Сарай әл-Махрус), Сарай-Берке (Сарай әл-Жадид), Сарайшық қалалары маңызды саяси, экономикалық орталыққа айналды. 

Ортағасырлық деректерге сүйене айтсақ, Сарайшықта Берке хан, Тоқты хан мұсылмандықты қабылдады. Жәнібек хан, Бердібек хан таққа отырып, ел басқарды. Сарай-Бату тарихын зерттеуші ғалым Е.Пигарев 1242/43-1313 жылдары Еділ-Жайық аралығында астана деңгейіне жеткен екі қаланы – Сарай ал-Махрус пен Сарайшықты көрсетеді. Ал, өзіміз бұрыннан аңыз қылып айтатын әз-Жәнібек хан тарихы да Сарайшықпен байланыстырылады. «Аққу көлі» мен «Алтын қайық» туралы аңыздар астарында үлкен тарих бар. Сарайшық Еуропа мен Азияны байланыстырған алтын көпір болды. Қаланың маңызды керуен жолында орналасқанын Ұлық ұлыс заманында-ақ Ибн Батута (1333-1334), Джованни Мариньолли (1338-1353), испан пірәдары Пасхалия (1335-1339), ағайынды көпестер Франциско мен Доминико Пициганилер (1367) атап өтеді. 

Осыған байланысты Алтын Орда кезеңін зерттеуші Р.Почекаев «Сарайшықты керуен жолдарынан алым-салық жинайтын әкімшілік орталық болды» деп есептейді. Қазір Сарайшық орнында жүргізілген археологиялық қазбалар оның Ұлық ұлыстың басты қалаларының бірі болғанын айғақтайды. Қазба кезінде ашылған кешенді сарай, тұрғын жайлар, одан табылған қыш бұйымдар, қытайлық селадон ыдысы, ирандық сырлы қыш түрлері қаланың бай-қуатты болғанын дәлелдейді», - дейді Әбілсейіт Мұхтар.

Сарайшық
Фото: Сарайшық музей-қорығы

Директордың дерегіне сүйенсек, ХІІІ-ХVІ ғасырларда Сарайшықта Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығы билеушілері жерленген пантеон болған. Қазір Сарайшықта «Хандар пантеоны» ескерткіші бар. 

«Жазушы Әнес Сарай Сарайшыққа келгенде Шынияз Шанайұлы ақын еңбектерінің алғашқы басылымында «Сарайшықта бар дейді, 9 ханның моласы» деген жолдар болғанын айтқан еді. Біз осы мәселені саралауды қолға алдық. Алдымен, пантеон болды ма? Бұл турасында 1459 жылғы венециялық монах Фра Мауроның картасында Жайықтың оң жағалауына салынған, күмбезбен белгіленіп, «Билеушілер қабірстаны» деп жазылған деректі негізге алайық. Кейін бұл ХVІІІ ғасырда орыс ғалымдары П.Рычков, П.Паллас, ХІХ ғасырда А.Левшин еңбектерінде көрініс табады. 1937 жылы Сарайшықта алғашқы кешенді археологиялық қазба жүргізген Н.Арзютов «Алтын Орда хандарының жерленген жері» деп, 1950 жылы Г.Пацевич «Сарайшықта Жошы ұлысының астанасы және алғашқы Алтын Орда хандарының жерленген орны болғандай» деп жазды. 1950 жылы Ә.Марғұлан: «Жазба қайнар көздерінен байқауымызша, ХV-ХVІ ғасырлардағы тамаша сәулет ескерткіштері қазақ хандары Жәнібек пен Қасым ханға Сарайшықта тұрғызылды... 1524 жылы Сарайшықта қазақ ханы – Қасымның қаза тауып, жерленгені қайнар көздерінен белгілі» деген тоқтамға келді. Сарайшықта өткен ғасырдың 90-жылдары қазба жұмыстарын жүргізген З.Самашев пен Д.Талеев мақаласында: «Көптеген ғылыми проблеманың көлеңкесінде көрінбей келген мәселенің бірі сол хандар жерленген көне қорымды тауып зерттеу еді. Бір айға созылған іздеу жұмыстарының нәтижесінде хандар жерленген зираттың орналасқан территориясын анықтау мүмкіндігі туды» деп жазған болатын. Бір сөзбен айтқанда, олар ел билеушілері жерленген пантеон орнын анықтап, сызбасын жасады», - дейді ол.

Оның пайымынша, зерттеушілер Сарайшықтың тарихы ХІІІ ғасырдан бұрынғы кезеңнен басталатынына тоқталған. Ең маңыздысы, Сарайшық Қазақ хандығының астанасы болған. Тарихи қаланың орнынан табылған құнды жәдігерлер де аз емес. Енді сол жәдігердің бәрі сапар орталығының алты экспозициялық залы мен көрме павильонына қойылған. Алтын Орда кезеңіндегі Сарайшықтың макетін жасауға ғалымдар көмектескен. Барлық экспозицияның мультимедиялық нұсқасы жасалған. Бұл сапар орталығына келетін қонақтардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат алуына мүмкіндік береді.

Сарайшық
Фото: Сарайшық музей-қорығы

Қасым хан Сарайшықта жерленген бе?

Ортағасырлық Сарайшық қаласының орнында жыл сайын археологиялық қазба жұмысы жүргізіліп келеді. Мәселен, 2020 жылы Алтын Орда мен Ноғай Ордасының, кейін Қазақ хандығының бас шаһары атанған Сарайшық қаласының орнынан өзгеше қабірхана табылған. Тарихи деректерге сүйеніп, зерттеу жүргізген археологтер қабірхананың ұлтымыздың ұлы тұлғасы – Қасым ханның жерленген орны болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

«Ортағасырлық зерттеушілер еңбектеріне назар аударсақ, 1602 жылғы Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағында» Қасым хан «ақырында Сарайшықта дүние салды. Бұл күндері оның қабірі Сарайшықта жатыр», 1665 жылғы Әбілғазының «Түрік шежіресінде» Алтын Орда хандары Тоқтағу хан жөнін­де «патшалық өмірі алты-ақ жыл болды, Сарайшық шаһарында жерленді» деп, Жәнібек хан туралы «ол он жеті жыл патшалық құрды. Сарайшықта жерленді» деп жазылған. Бұған қосымша Өтеміс қажының, Әбілғазының, Абдулғаффар Қырымидің және ноғай жырларындағы жанама деректерге сүйене отырып, Сарайшықта Алтын Орда хандары Мөңке Темір хан, Бердібек хан, Тоқтамыс ханның басы, қазақ хандарының атасы Барақ хан жерленген деген болжам жасаймыз», - деп түсіндірді Әбілсейіт Мұхтар. 

Сарайшық
Фото: Сарайшық музей-қорығы

Музей-қорық директорының айтуына қарағанда, ресейлік ғалым В.Трепавлов: «Сарайшықта Жәнібектің, Бұрындықтың және Қасымның ордасы болды» деген. Демек, Қазақ хандығындағы алғашқы хандар Сарайшықты ешқашан назарынан тыс қалдырмаған. 

«Тұлға тарихындағы зерттелетін мәселенің бірі – Қасым ханның жерленген жері. Оның Сарайшықта жерленгеніне еш талас жоқ. Кезінде оны ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан да іздеді. Бірақ КСРО кезінде Қазақ мемлекеттілігінің тарихына қарсы шовинизм саясаты оған жол бермеді. 1950 жылғы Сарайшықтағы қазба жұмыстарынан соң қысым көрген Әлкей атамыз бұл мәселеге қайта оралмады. Кейінгі іздестіру жұмыстарын тәуелсіздік жылдары Зейнолла Самашев бастаған археологтер жүргізді. Дегенмен олар қазба жұмысының соңында: «Хандар жерленген зират табылған жерден жазба деректерде аттары аталатын хандардың қабірлерінің орналасқан жері анықталған жоқ. Сондықтан келешекте бұл мәселеге қайтып оралуымыз мүмкін» деген қорытындыға келді.

Қасым ханның Сарайшықта жерленгеніне бірнеше дәлелді дерек бар. Біріншіден, 1840 жылдары Жәңгір хан Бөкейханұлы Сарайшыққа келгенде ұлы атасының басына белгі қойып, «Хан моласы» аталатын аумақты қоршатқан екен. Кейін бұл белгі жоғалған. 

Екіншіден, атыраулық ғалымдар 2019 жылы Ресейдің мұрағатынан Сарайшық қаласының көне естелік-сызбасын тауып әкелген еді. Орыстың зерттеуші-ғалымы Алексей Алексеев 1861 жылғы еңбегінде хан зираты орнын анық көрсетіп, оны «әулие-склеп» деп белгілепті. Ол өзі көрген «Хан моласын» күмбезді әрі еңселі кесене болғанына сипаттама беріпті. Ғалым күмбездің үш жағында терезесі, ал шығысында есігі болғанын жазған. 

Үшіншіден, жергілікті археологтер де Сарайшықтың тереңге жасырылған көмбедей шежірелі тарихын ұдайы зерттеп келеді. Сол зерттеулерге қарағанда, Алексей Алексеев келтірген деректер ашылып жатқан кесененің сұлбасымен сәйкес келетіні анықталды. 

Ал, кейінгі жылдары табылған тарихи деректер де Сарайшықта Қасым ханның жерленгенін толықтай айғақтайды. Ханның жерленген орнын анықтау мақсатындағы экспедициямыз жемісті болды деуге негіз бар. Алексей Алексеевтің жазбасында айтылған мәліметтер мен қабірхананың сәйкестігі 99 пайызға расталып отыр», - дейді тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Әбілсейіт.

Сарайшық
Фото: Сарайшық музей-қорығы

Сол жылы «Хан моласы» қазбасындағы сағанадан қызғылт матаның қалдығы табылған. Реставратор Тетяна Крупа жүргізген зерттеудің нәтижесінде бұл өрнектер салынған қызыл барқыт мата екені анықталған. Тоқыма өнімі – тек жібектен тоқылған, алтын жалатылған күміс жіптері бар өте сапалы мата. Оның шыққан жері Осман империясы болуы мүмкін. Ал, кезеңі бойынша XV-XVI ғасырларға сәйкес келеді. Бедерлі барқыт матадан тігілген киімдер сол кезде сәнге айналған. Сол себептен, бай әрі беделді адамдар осындай матадан киім тіктірген. 

Сарайшық
Фото: Сарайшық музей-қорығы
Соңғы жаңалықтар