Өскеменде 2 мыңға жуық көше шамы жанбай тұр

көшені жарықтандыру
Фото: «Алматы қала жарық» кәсіпорны

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласының көшелерінде орнатылған көше шамдарының ішінде 2 мыңға жуығы жанбай тұр. 

Қала тұрғындары арасында кеш батқанда көшелері қара түнекке малынатындығына шағымданатындар көбейіп келеді. Осы мәселені шешу үшін не істеліп жатқандығын әкімдіктің көшелерді жарықтандыру жүйесін жаңғырту жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ринат Бұтажанов айтып берді.

«Қазіргі таңда 11583 шам, 212 шақырым кабель ауыстырылып, 11 сыртқы жарықтандыруды басқару шкафтары орнатылған. Дегенмен, жаңадан орнатылған шамдар тез істен шығады немесе мүлдем жанбайды. Қалада барлығы екі мыңға жуық жұмыс істемейтін шам бар. Шамдардың жанбауының негізгі факторлары – желілердің тозуы, ауа райы жағдайы, желілерді салу кезінде жұмыстың сапасыздығы», - дейді Ринат Бұтажанов.

Оның айтуынша, жалпы Өскеменде көшелерді жарықтандыру жүйесін жаңғырту жобасы бірнеше жыл бұрын басталған. Жоба әлі аяқталған жоқ.

«Егер Everlight Electronics Co компаниясы өз міндеттемелерін орындаса, кемшіліктер түзетіледі. Қазір қосалқы мердігер Digital Security қалпына келтіру жұмыстарын күшейтілген режимде жүргізуде. 2024 жылдың соңына дейін Өскемендегі көшелерді жарықтандыру жүйелерін жаңғырту жобасын аяқтауды жоспарлап отырмыз», - дейді көшелерді жарықтандыру жүйесін жаңғырту жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі. 

Соңғы жаңалықтар