Өзбекстан мен Қырғызстан тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізбек

келіссөз
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров жұмыс сапарымен Өзбекстанда жүр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Ақылбек Жапаров Ташкентке 2 мамырда ұшып келді. Оны әуежайдан әріптесі, Өзбекстанның премьер-министрі Абдулла Арипов қарсы алды. 

Өзбек-қырғыз
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы алдымен ІІІ Ташкент халықаралық инвестициялық форумының пленарлық отырысына қатысты. Жиыннан соң ол Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті. 

Жүздесуде тараптар сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту, ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру, энергетика, көлік, логистика, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайта түсу мәселелерін талқылады. 

«Кейінгі жылдары Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы туристердің саны артып келеді. Сондай-ақ өзара тауар айналымының 2 есе өскені байқалды. Қазіргі уақытта сауда-саттық көлемін 2 млрд долларға дейін жеткізу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы. 

Ақылбек Жапаров
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Мұнымен қатар Шавкат Мирзиёев пен Ақылбек Жапаров Шығыс пен Батысты жалғайтын Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолын салу, Қазақстан, Өзбекстан және Қырзғызстан бірлесіп салып жатқан «Қамбарата» гидроэлектростанциясының құрылысын сөз етті. 

форум
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Сондай-ақ сапар аясында Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 11-ші отырысы өтті. Бұған қоса екіжақты кездесулер, энергетикалық және құрылыс компанияларының басшыларымен келіссөздер жүргізілді. 

Соңғы жаңалықтар