«Пальма Футзал» командасы Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды

Футзал
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Испанияның «Пальма Футзал» командасы екінші жыл қатарынан футзалдан Чемпиондар лигасының бас жүлдесіне ие болды.

Биылғы жылы аталған турнирдің финалында Испанияның «Пальма Футзал» және «Барселона» командалары күш сынасты.

Испаниялық қос клуб тартысты матч өткізді. Десе де «Пальма Футзал» командасы сауатты ойнай білді. Алғашқы голды барселоналық футзалшылар соққанымен одан кейін өз қақпасына бес доп жіберіп алды.

Осылайша «Пальма Футзал» 5:1 есебімен жеңіп, доп додасының бас жүлдесін екінші жыл қатарына төбесіне көтерді.

Ал үшінші орын сайыста Португалияның «Бенфика» клубы өз елінің «Спорттинг» ұжымын 6:3 есебімен тізе бүктірді.

Жартылай финалда «Барселона» «Спортингті», «Пальма Футзал» «Бенфиканы» 5:4 есебімен жеңіп кетті.

Айта кетсек, Чемпиондар лигасы 2001 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Қазақстандық «Қайрат» командасы биыл Чемпиондар лигасы элиталық сатысынан аса алған жоқ. Олар ойын көрсеткен В тобынан «Бенфика» (Португалия) жарыстың келесі сатысына шыққан еді.

Алматылық клуб 2012/2013, 2014/2015 жылдарда аталған турнирде жеңімпаз атанған еді.

Соңғы жаңалықтар