Паралимпиадашыларға қолдауды аямау керек – Елсияр Қанағатов

Паралимпиадашыларға қолдауды аямау керек – Елсияр Қанағатов
Фото: qazaqsporty.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінгі таңда қазақстандық параспортшылар Франция астанасы Париж қаласында өтетін XVII Паралимпиада ойындарына 7 спорт түрінен 11 жолдама жеңіп алды.

Айта кетсек, паралимпиада ойындары – 1960 жылдан бері әр төрт жыл сайын дене мүмкіндіктері шектеулі спортшылар арасында өткізілетін спорттық жарыс.

Биылғы параойындар 28 тамызбен 8 қыркүйек аралығында өтеді. Kazinform тілшісінне сұхбат берген Олимпиадаға дайындық штабының жетекшісі Елсияр Қанағатов Қазақстан Республикасы атынан паралимпиадаға 38 спортшы апаруды жоспарлап отырғанын атап өтті.

«Бүгінгі күнге дейін параспортшыларымыз 7 спорт түрінен 11 жолдама жеңіп алды. Бұйырса, төртжылдық додада 9 спорт түрінен, атап айтсақ, пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг, пара таеквондо, пара үстел теннисі, пара жүзу, пара дзюдо, пара каноэ, пара оқ ату және волейболды отырып ойнау түрлерінен жалпы 38 спортшы өнер көрсетеді деп жоспарлап отырмыз», - деді штаб басшысы.

Сонымен қатар паралимпиада ойындарында спортшыларымыз соңғы ойындарда өте жоғары нәтиже көрсетіп келе жатқанын баса айтты.

«Өздеріңіз де байқап жүрсіздер, соңғы ойындарда параспортшыларымыз әрдайым жарқын жеңістерімен қуантып жүр. Алысқа бармай-ақ қояйық, соңғы Токио Олимпидасында сау денелі спортшыларымыз ала алмаған алтынға мүмкіндігі шектеулі спортшыларымыз қол жеткізді. Бұл өзге спортшыларымызға сабақ болуы тиіс. Сондықтан паралимпиадада жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларымыз нағыз батырлар. Біз мүмкіндігі шектеулі спортшыларымыздан да ешқандай қолдауды аямауымыз керек», - деді Елсияр Қанағатов.

Осы орайда параспортшыларымыз жеті спорт түрінен жолдаманы қашан, қалай жеңіп алғанын оқырман назарына ұсына кеткенді жөн санадық.

Біріншісі – ерлер арасында волейболды отырып ойнаудан жолдама.

Бұл лицензия 2023 жылы 3-8 шілдеде Астана қаласында өткен Азия чемпионатында алынды.

Қазақстан командасы финалда Иран құрамасынан жеңілді (Алайда Иран командасында лицензия болғандықтан, Азия чемпионатының күміс жүлдегері ретінде бұл лицензия Қазақстан құрамасына бұйырды).

Екіншісі – ядроны итеру дисциплинасында пара жеңіл атлетикадан жолдама.

Бұл лицензия 2023 жылы 3-17 шілдеде Париж қаласында (Франция) өткен пара жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында алынды. Қазақстандық спортшы Дастан Мұқашбеков үшінші орынға қол жеткізіп, қола медальға ие болды (лицензия осы спорт түрінде 1-4 орын алған спортшыларға берілді).

Үшіншісі – брасспен 100 м дисциплинасында пара жүзуден лицензиялар (3 жолдама).

Бұл жолдама 2023 жылы 27 шілде - 8 тамыз аралығында Манчестер қаласында (Ұлыбритания) өткен пара жүзуден әлем чемпионатында алынды. Қазақстандық спортшы Жұмағали Нұрдаулет екінші орынға қол жеткізіп, күміс медальға ие болды (жолдама осы спорт түрінде 1-3 орын алған спортшыларға берілді және қалған жолдама ақпан айының басында Халықаралық федерациядан берілді).

Төртіншісі – 200 метрге KL 200 дисциплинасында пара каноэден жолдама.

Бұл жолдама 2023 жылы 19-29 тамызда Дуйсбург қаласында (Германия) өткен байдарка мен каноэ және пара каноэден әлем чемпионатында алынды.

Қазақстандық спортшы Бибарыс Спатай бесінші орын алып, жодамаға қол жеткізді.

Бесіншісі – пара пауэрлифтингтен жолдама

Қазіргі уақытта отандық спортшы Давид Дегтярев рейтингтің бірінші орнында тұр және жодама алу үшін ол 2024 жылы екі әлем кубогына қатысуы керек.

Алтыншысы – пара таеквондодан лицензиялар (3 жолдама)

Қазіргі уақытта рейтинг қорытындысы бойынша үш отандық спортшыға лицензия берілді. Атап айтқанда, 57 кг дейін – Досмалова Камила, 80 кг дейін – Домбаев Нұрлан және +80 кг – Нышан Өмірәлі.

Жетіншісі – пара оқ атудан жолдама

Қазақстандық спортшы Еркін Ғаббасов пневматикалық мылтықтан паралимпиадалық ату бойынша әлем кубогында екінші орын алды. Сонымен Париж-2024 Паралимпиада ойындарына қатысатын болды. Сонымен қатар 2024 жылғы мамыр-маусым аралығында 5 спорттық іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Онда спорттың 5 түрі бойынша 16 лицензия жеңіп алу жоспарда бар.

Естеріңізге сала кетсек, «Токио – 2020» паралимпиада ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасында 25 спортшы болды. 5 медальге қол жеткізіп (1 алтын, 3 күміс және 1 қола) жалпы командалық есепте 48-орынды иеленді.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Олимпиадаға жолдама саны бойынша қай өңір көш бастап келе жатқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар