Павлодар облысы әкімінің орынбасарын бопсалаған әйел 3 жылға бас бостандығынан айырылды

 Павлодар облысы әкімінің орынбасарын бопсалаған әйел 3 жылға бас бостандығынан айырылды
Фото: polisia.kz

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ол облыс әкімінің орынбасарынан ірі көлемде ақша талап еткен. Ал лауазым иесі оған көмек ретінде жалпы сомасы 4,8 млн теңге қаражат аударғаны анықталды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, наурыз айында Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновты бопсалау бойынша қозғалған іс сотқа жіберілді. 

Қылмыстық істің қозғалуына лауазым иесінің өтініші себеп болған еді. Бұған дейін әлеуметтік желілерде Серік Батырғожиновтың өткен жазда екі баланың анасын зорлағаны туралы ақпарат тарап кеткен. Лауазым иесі бұл айыптаумен келіспей, әйелді сотқа берді. Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен К.-ға қатысты аса ірі мөлшерде қорқытып алу фактісі бойынша қылмыстық істі қарады.

Белгілі болғандай, әйел адам былтырғы сәуір айынан «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санаты бойынша тұрғын үй алуға кезекте тұрған. Ол әлеуметтік желіде С.Батырғожиновпен танысып, оның қабылдауында болған. Кейін араласа бастаған. 2023 жылдың мамыр-қыркүйек айлары аралығында Батырғожинов материалдық көмек түрінде К.-ға 50 000 теңгеден 160 000 теңгеге дейін ақшалай қаражат аударған. Әйел бара-бара ақша сұрауды үдете түсіп, оның беделін түсіретін ақпаратты таратамын деп бопсалаған. Сөйтіп өз есепшотына жалпы сомасы 4 812 000 теңге аудартып алған. Ал өткен жылдың қараша айында 20 млн теңге талап еткен.

Сотта алқабилер К.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.

Сот әйел адамның бұрын сотталмағанын, асырауында кәмелетке толмаған баласы бар екенін және жеке басының ауыр жағдайларының жиынтығы бойынша қылмыс жасағанын ескере отырып, Қылмыстық кодекстің 55-бабы 4-бөлігінің негізінде оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар