Шымкентте бес ауданның тұрғындары 9 жылдан кейін ыстық суға қол жеткізді

су
Фото: Шымкент әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM - Шымкентте 2015 жылдан бері жазғы уақытта ыстық сусыз отырған тұрғындардың мәселесі шешілді. Теріскей, Сайрам, Күншығыс, Отырар және 18 шағынаудан тұрғындары енді жыл бойы ыстық суды пайдаланатын болды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. 

Бұған дейін аталған шағынаудан тұрғындары тек қысқы жылу маусымында ыстық суды қолданып келген. Көпқабатты 238 үй тұрғындарының аталған мәселені айтып, талай жылдан бері бармаған жері қалмапты. Биыл да тұрғындар қала әкімінің қабылдауында осы мәселені шешіп беруді өтінген. Әкім өз кезегінде мәселені оңтайлы шешуге уәде берген болатын.

Қала әкімінің тапсырмасы бойынша осы тұрғын үйлерді жыл бойы ыстық сумен қамтамасыз ету үшін ҚР-3 жергілікті қазандығы мен құбыр байламы жаңғыртылды. Нәтижесінде Теріскей, Сайрам, Күншығыс, Отырар және 18 шағынаудан тұрғындары ыстық суға қол жеткізіп қуанысуда.

«Бүінгі күні мен суымды қосып, сондай риза болып отырмын. Ыстық су керемет, қыста да мұндай су болмаған. Мен бұл тұрғын үй пайдалануға берілгеннен бастап осы үй тұрғынымын. Шынымды айтсам, осы уақытқа дейін жанайқайымызды ешкім естімеді. Айттық, жаздық. 2015 жылдан бері көрген қиындығымыздың бүгін қуанышымен бөлісіп отырмыз. Біз өте қуаныштымыз», - деді Сайрам шағынауданының тұрғыны Нағима Жампозова.

Тұрғындардың айтуынша, судың жылу температурасы да, қысымы да жақсы.

Соңғы жаңалықтар