Шымкенттегі тазалық жұмыстарына 1000-ға жуық адам қатысты
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Өнегелі ұрпақ» апталығы жалғасып жатыр. Аталмыш науқан басталғанға дейін өңірде түрлі тақырыпта іс-шара ұйымдастырылды.
Атап айтар болсақ, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары өз аулаларын тазалау жұмыстарын жүргізді. Тазалық жұмыстарына 1 000-ға жуық адам қатысты.
Акция қаладағы барлық бес аудан аумағында жүргізіліп, тұрғындар өз аулаларын тазалап, қоқыстарды шығарды.
Бұл іс-шараға тұрғындармен бірге отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссия мүшесі – О.Тәжібаева, Қоғамдық кеңес мүшесі – Ж.Раев, қалалық мәслихат депутаты Л.Сүлейменов, «Бал Текстиль» ЖШС-нің директоры Т.Исхаков, Сайрам тұрғын алабының ауыл биі – Х.Толаметов, үй басқарушылары мен басқа да белсенді азаматтар қатысты.
– «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында бүгін барлығымыз бір кісідей жұмылып, аулаларымызды тазалауға шықтық. Бұл әрі тазалық, әрі өнеге, әрі игі іс. Сондықтан барша жұрт болып атсалысу баршамыздың міндетіміз деп есептеймін», - деді Сайрам тұрғын алабының ауыл биі Х.Толаметов.
«Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында Шымкентте қариялар мен ардагерлердің үйлерін тазалау, шөптерді ору, қоқыстарды шығару, ағаштарды әктеу және т. б. жұмыстар жүргізіліп жатыр.