ШҚО-дағы салық органының қызметкері жұбайының шағымынан кейін кәсіпкерлерді заңсыз тексерген

тексеру
Фото: Kazinform

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында салық органының қызметкері жұбайының шағымынан кейін кәсіпкерлерді заңсыз тексеріп, жауапқа тартқан.

Мемлекеттік кірістер басқармасы Ұлан ауданы тұрғындарының шағымдары негізінде екі азық-түлік дүкеніне жоспардан тыс салық тексерулерін жүргізген. Соның нәтижесінде меншік иелері рұқсатсыз алкогольдік өнімдерді сатқаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 283-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Алайда материалдарды зерделеу барысында кәсіпкерлердің алкоголь өнімдерін сатуға тиісті лицензиялары бар екені, яғни оларға қатысты хаттамалардың заңсыз жасалғаны анықталды. Бұдан басқа, салық органының тексеру жүргізуіне тексерушінің өз жұбайының шағымы негіз болғаны белгілі болды», - деп хабарлады ШҚО Прокуратурасының баспасөз қызметінен.

Прокурордың өтінішхаты бойынша сот әкімшілік істерді құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатты. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша облыстық МКД-нің лауазымды тұлғалары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Соңғы жаңалықтар