СҚО-да жарты млрд теңгенің астығын өртеп жіберген екі адам сотталды

сот
Фото: Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қалалық соты «Золотая Нива» елді мекеніндегі астық қоймасын жағып жіберген екі адамға үкім шығарды. Олардың біреуі сондай-ақ азаматтық некедегі әйелінің денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін де жаза алды.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, сотталушы П. 2020 жылдың маусымында өзімен бірге тұратын К.-ны балғамен бірнеше рет ұрып, оның денсаулығына зиян келтірген. Бұдан бөлек П. екінші сотталушы К.-мен бірге 2023 жылдың мамырында «Золотая Нива» ауылында орналасқан бидай сақтайтын қоймаға от қойып, жағып жіберген. Салдарынан астық қоймасының иесіне 495 млн теңге шамасында шығын келді.

Қылмыстық істі Петропавл қалалық соты қарады. Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің, сарапшылардың және басқа мамандардың қорытындыларымен толық дәлелденді.

Сот К.-ның кішкентай баласының барын оның қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде қарады. Ал П.-ның жауапкершілігін жеңілдететін мән-жай анықталған жоқ.

К. мен П.-ның қылмысқа алдын ала сөз байласу және топ болып баруын, сондай-ақ П.-ның қылмысты алкогольді мас күйде жасауын олардың жазасын ауырлататын мән-жай ретінде есепке алды.

Соттың үкімімен К. 6 жылға, П. 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде атқарады.

Жәбірленушінің азаматтық талабы толық көлемде қанағаттандырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін СҚО-да аудандардың бірінің әкім орынбасары мен бөлім басшысы 10 млн теңге пара алды деген күдікке ілінгенін айтқан едік.

 

Соңғы жаңалықтар