СҚО мектептерінде түскі ас қымбаттады

асхана
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Солтүстік Қазақстан облысының мектептерінде жаңа жылдан бастап түскі ас құны шамамен 100 теңгеге қымбаттады. Оқушыларға ыстық тамақ 614 теңгеден сатылып жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Бұған дейін облыс әкімімен кездесуде өңір кәсіпкерлері мектептердегі түскі ас бағасын көтеру қажеттігін айтқан еді. Азық-түліктің бағасы қымбаттап жатыр. Әрі талапқа сай сапалы қызмет көрсету үшін түскі асты 500 теңгеден сату оларға тиімсіз болған.

СҚО білім басқармасының мәліметінше, облыстағы 329 мектепке кәсіпкерлер тамақты жеткізіп береді. 106 білім ордасының штатында аспаз бар, тағы жеті мектеп оқушыларын жеке кәсіпкерлер мен ЖШС-лер түскі аспен қамтып отыр.

«Өңірдің 443 мектебінде оқушылар ыстық тамақпен қамтылған. Балалардың 37 410-ы тегін тамақтанады, оның 9 мыңнан астамы «Жаппай оқыту» қоры арқылы тамақ ішеді. «Жаңа оқу жылынан бастап 1-4 сыныптың 26 587 оқушысы тегін тамақтанады. Бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 2024 жылға 2,8 млрд теңге бөлінді. Қаңтар айынан бастап мектеп асханаларындағы түскі ас 614 теңге болып бекітілді. Бұл — азық-түліктің қымбаттауымен байланысты. Бұған дейін құны 500 теңге болған еді», — дейді басқарманың баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.

Соңғы жаңалықтар