Су тасқыны: Ақтөбеде қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр

Үй
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе облысы бойынша Ырғыз ауданында ғана су тасқынына қарсы күрес жұмысы жүріп жатыр. Ал өзге аудан, ауылда тасқыннын соң қалпаны келтіру жұмысы басталды.

Күнде барып, жағдайын сұра – Асхат Шахаров

Су тасқыны кезінде зардап шеккен ауылдардағы бөгет, су қоймаларын салу жұмысы қоғамдық талқылау арқылы талқыланып, содан кейін ғана нақтыланады. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдануды реттеу басқармасына осындай тапсырма берді. Жалпы, Ақтөбе облысы бойынша 4 су қоймасын салу жоспарланған. Жобаны Су ресурстары және ирриграция министрлігі қолдады. 

- Ауылда, ондағы су жүру жолдарын жергілікті тұрғындар мен ақсақалдар жақсы біледі. Сондықтан қарғын судың келу арнасы мен оны өзенге бұру жолын ақылдасып, келісу керек. Су тасқыны кезінде зардап шеккен адамдардың бәріне көмек беріледі. Аудан әкімдері де күн сайын адамдардың жағдайын сұрап, сөйлесіп, мән-жайды білуі тиіс. Бір күн бармай қалса, уайым мен сенімсіздік басым түседі. Сондықтан жүздесіп, жағдайын біліп отыру маңызды. Ешкім баспанасыз қалмайды, - деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Құлаған үйлердің орнына жаңасы салынады

Ақтөбе облысында техникалық және бағалау комиссиясы өз жұмысын жүргізіп жатыр. Өңірде тасқын кезінде қираған, жарамсыз күйге түскен үйдің бәрі қайта салынады. Қазір бұл жұмыстарға неғұрлым көп мердігер тарту, құрылысты екі айда аяқтау міндеті қойылды. 

Үй
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

- Бізде типтік бекітілген жобалар бар. Ауданы 80 және 100 шаршы метрлік. Аудан әкімдіктері арнайы жұмыстар жүргізіп, кімге қандай үй салынатынын нақтылады. Мәселен Қобда ауданы бойынша 7 мердігер мекеме нақта тапсырма алды. Алдымен олар 57 үйдің құрылысын бастайды. Келісім бойынша екі айда толық аяқтап, тұрғындарға кілтін тапсыруы тиіс. Сонымен бірге басқа да елдімекендерде құрылыс басталады. 15 шақты мердігер мекеме өз қаржысына құрылысты бастайды. 100 шаршы метрлігі шамамен 27 млн теңге, 80 шаршы метр 22 млн теңге болуы мүмкін деген болжам бар. Облыста 595 үй салынады. Бұл да қазіргі ғана цифр. Өзгерістер болуы ықтимал, - деді Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев.

Оның айтуынша, баспанасы қираған адамдар ауылдан аудан орталығына қоныс аудара алады. Ауылда қалуды қалаған адамдар үй сол жерден салынады. 

- Әкімдік пен тұрғындар өзара келісіп, хаттамамен бекітіліп шешіледі. Басқа ауданға емес, ауылдан өзіне қарасты ауданға ғана көшеді, - деді Ержан Мұздыбаев.

Өңірде 8 ауылға жол қатынасы жоқ

Су тасқыны кезінде барлығы 51 жолды су шайып, жол үстінен су өтті. Қазір тек 8 ауылға апарар жол жоқ. 

Жол
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

- Су деңгейі түсіп, бұзылған жол учаскелерінде уақытша қатынас қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда бізде 8 елдімекен көлік қатынасынсыз қалып тұр. Негізгі мәселе Ойыл ауданында. Мұнда аудан орталығына кіреберіс көпір бұзылды. Су ағысы қатты болып, көпірдің тірегі істен шықты. Қазір уақытша жол салатын мердігер анықталды. Сонымен қатар техникалық тексеру қорытындысы шыққан соң құрылыс басталады. Алматыдан келген мамандар көпірді қарады. Енді тірегінің жағдайын тексеріп, жер қыртысын зерттейді. Ал Ырғызда Мамыр, Нұра ауылдарында көлік байланысы жоқ. Тек тікұшақпен тасымалданып жатыр гуманитарлық көмек пен адамдарды. Нақтыласақ Қобдадан Көгалы, Сөгалы, Көкүй, Жарық ауылдарына, Ойылда ауданның орталығы, Мұғалжарда Көктөбе, Ырғызда Нұра мен Мамыр аударына жол жоқ, - деді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Есет Аманбаев.

Жол
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Электр желісі жалғанды

Су тасқыны кезінде жарық өшірілді. Бұл қауіпсіздік шарасы болды. Ақтөбе облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаевтің айтуынша, барлық ауданда электр тогы бар. Ырғыз ауданындағы Нұра, Мамыр, Белшер аудандарында жарық уақытша сөндіріліп, генератор жіберілді. 

Электр
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

- Жалпы. аудандарда жарық сөнгенімен, генераторлар жіберілді. Барлығы 200-ден астам генератор болды. Оның ішінде қуаттылығы 5 сағ/кВт, 250 сағ/кВт болатын генераторлар бар, - деді ол.

Электр
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Судан 500-ден астам сынама алынды

Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанованың айтуынша, су тасқыны кезінде 500-ден астам сынама алынып, оның алтауында сәйкессіздік анықталды. 

- Суды зарарсыздандыру жұмысы атқарылды. Темір ауданы бойынша Алтықарасу ауылы ерекше бақылауға алынды. Сонымен бірге эвакуациялық бекеттерді де бақылап отырмыз. Облыс бойынша 15-і болса, оның 7-і қалада, - деді Райхан Қойшанова.

Мал шығыны - 3232 

Ақтөбе облысында қазір мал өлексесін жою жұмысы жүріп жатыр. Ол үшін Астанадан 3 тонналық инсинератор әкелінді. Құрылғы Ойыл ауданында мал өлексесін өтеу жұмысына бөлінді. 

Мал өртеу
Фото: Нұрболат Досжан

- Облыс бойынша 3232 бас мал шығыны анықталды. Оның ішінде Ойыл ауданы бойынша 1920 бас анықталып отыр. Мал өлексесін жою, өртеу жергілікті эпизоопиялық жағдайды сақтауға септігін тигізеді. Сонымен бірге малға вакцина салынып, зарарсыздандыру жұмысы жүргізіліп жатыр, - деді Ақтөбе облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембай. 

Оның айтуынша, мал шығыны өтеледі. Ол үшін әкімдікте тізім дайындалды. Айта кетейік, мал шығынын өтеу үшін республикалық бюджеттен 2,2 млрд теңге сұралды

Біржолғы төлемге 1 млрд теңге қарастырылды

Ақтөбе облысы бойынша шамамен 2800-3000 отбасы біржолғы төлем алуы мүмкін. Бұл үшін бюджеттен 1 млрд теңге қарастырылды. Қазіргі кезде 1429 өтінім түсті. Бұл дегеніміз - 477,8 млн теңге. Әзірге оның 1093 өтініші мақұлданып, 356,5 млн теңге аударылды. 

- Құжат түссе, сол күні төлеуге күш саламыз. Бұрын күніне 30-40 өтініш негізінде ақша аударылса, қазір 100 төлемге жетті. Жұмыс күшін көбейтін, төлем беруді үш есеге арттырдық. Бір айда осы жұмысты аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бірақ бұл бір ай ішінде құжат тапсырып, алып үлгеру керек деген сөз емес. Жыл ішінде алуға болатын қаржы. Өтініш берген адамдардың көбі қаладан. Әйтеке би мен Ақтөбе қаласында 300 мың теңге болса, өзге аудандарда 100 АЕК деп белгіленген. Ойыл, Әйтеке би, Қобда аудандарына қаржы облыстық бюджеттен қарастырылды, өзгесі өз қазынасынан төлеп жаты, - деді Ақтөбе облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлназ Сисенова.

Су тасқынынан зардап шеккен отбасы балалары лагерьге жіберілді

Ақтөбе облысы бойынша 12 білім беру мекемесі бүлінді. Су кірген мектеп, балабақшаның 9-да техникалық тексеру жұмысы жүріп жатыр. Ал эвакуациялық пункт қызметін атқарған мектептер босатылып, зарарсыздандыру жұмысы жүрді. 

Лагерь
Фото: Нұрболат Досжан

- Алғашында 30-ға жуық мектеп эвакуациялық бекет қызметін атқарды. Онда 1500 адам болды. Эвакуацияның талабы бойынша мектептердің спорт залдары беріліп, адамдар сонда жатты. Онда 5 мезгіл тамақ берілді. Балаларға сабақ онлайн ұйымдастырылды. Гигиеналық қажетті жарақтары да жеткізілді. Уақыт өте келе адамдарды біріктіріп, эвакуациялық пункт болған мектеп санын қысқарта бастадық. Аз адамды, көп адамға қосылды. Қазір қаладағы барлық мектептерде эвакуациялық пункттер жабылып, зарарсыздандыру жұмысы жүріп жатыр. Кейбірі сабақты қалыпты жағдайда бастап кетті. Ал эвакуацияланған адамдарды үш колледж, екі университет, медресе жатақханасы мен спорт мектебінің жатақханасына орналастырдық. Су басқан ауыл мектептерінің оқушылары, үйлері зақымданған отбасы балалары лагерьге жіберілді. Ата-аналардың келісімімен 250 бала Алматы, Көкшетауға аттанды. Олар 20-30 күн сонда болады. Сабақпен қатар мәдени, спорттық шараларға қатысады, - деді Ақтөбе облыстық Білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан. 

Ақтөбе облысы бойынша 12 білім ордасына су кірсе, оның жетеуі - мектеп. Тарқатсақ, Ақтөбе қаласында бір мектеп, бір балабақша, Қобдада бір мектеп, Мұғалжарда бір мектеп, 3 балабақша, Темір ауданында бір балабақша, Ойылда екі метеп, бір балабақша, Ырғызда бір мектеп.

Лагерь
Фото: Нұрболат Досжан

- Барлығы 9 білім ордасына техникалық тексеру жұмысы жасалып жатыр. Екеуі қалпына келтірілді, біреуін енді қараймыз. Кейбір білім беру мекемесі жарамсыз. Ойылдағы Қаратал ауылында жаңа мектеп салынатын шығар, - деді Жайық Сұлтан.

Соңғы жаңалықтар