Су тасқыны отандастарымыздың ауызбіршілігі мен азаматтық жауапкершілігін айқын көрсетті – Александр Урмашов

Су тасқыны отандастарымыздың ауызбіршілігі мен азаматтық жауапкершілігін айқын көрсетті – Александр Урмашов
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Су тасқыны отандастарымыздың ауызбіршілігі мен азаматтық жауапкершілігін айқын көрсетті. Мұндай пікірді Қарағанды облысындағы «Ассамблея жастары» ұйымы өкілдігінің төрағасы Александр Урмашов білдірді.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясы елде және әлемде болып жатқан жағдайлардың аясында маңызды саяси оқиғаға айналды. Іскерлік стиль мен онлайн форматта өткізілген сессия елдің ішкі және сыртқы саясатының көптеген өзекті мәселелеріне толық әрі нақты жауап берді. Сессияда бүкіл қоғамды – құтқарушылар мен еріктілерді, мемлекеттік қызметшілер мен бизнес өкілдерін, азаматтық белсенділері мен еліміздің барлық өңірі жастарының біріктіру мәселесіне баса назар аударылды», - деді ол сессия отырысынан кейін агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол су тасқынмен күреске қоғам белсенділері зор үлес қосқанын, еріктілер зардап шеккендерге көмек көрсетіп, гуманитарлық көмек жинау ісіне ұйымдастырып жатқанын баса айтты.

«Бұл отандастарымыздың ауызбіршілігі мен азаматтық жауапкершілігін айқын көрсетті. Ең бастысы Президент зардап шеккендердің барлығына келтірілген залал өтеліп, бұл қиындықпен ешкім жалғыз қалмайтындығына сендіріп отыр. Ол үшін елімізде бюджет шығыстары қысқартылып, қаражатты үнемдеудің қатаң режимі енгізіледі. Ел тұрғындарының қалыпты өмірге мүмкіндігінше тезірек оралуы үшін мемлекет бәрін жасайтын болады», - деді Александр Урмашов.

Соңғы жаңалықтар