Су тасқынына орай Орал қаласы аумағында масаға қарсы өңдеу жұмыстары екі есеге ұлғаяды

шіркей
Фото: Астана әкімдігі

ОРАЛ. KAZINFORM – Биылғы су тасқынына байланысты Орал қаласы аумағы мен шаһар маңында масаға қарсы өңдеу жұмыстары екі есеге ұлғайып отыр.

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, 2024-2025 жылдары Оралда және қала маңында профилактикалық дезинсекция жұмыстарын жүргізуге, атап айтқанда, масаға қарсы өңдеу жұмыстарына мемлекеттік сатыпалым конкурсы жарияланып, соған сәйкес «Танкеев Б.А.» ЖК жеңімпаз атанды.

Қанат Амангелдіұлының сөзіне қарағанда, 187 млн 040 мың теңгеге екі жылдық келісім-шарт жасалды. Қаржыландыру жоспарына сәйкес биылғы жылға облыстық бюджеттен 105,395 млн теңге бөлінсе, 2025 жылға 81,645 млн теңге қаралды.

«Сәуір айынан бастап мердігер мекеме маса дернәсілдерінің көп шоғырланған аумақтарын анықтап, қажетті өңдеу жұмыстарын жүргізуде. Күні бүгінге дейін 3 мың гектардан астам аумақ өңделді. Алайда биыл көп жерді су басқаны белгілі. Мысалы, қала аумағындағы телеорталық, 1, 2-саяжайлардан су әлі кеткен жоқ. Сол секілді Деркөл, Круглоозерный, Желаев, Жамбыл, Дариян секілді елді мекендер маңында дернәсілдерді анықтау жұмыстары жүргізілуде. Улаған кезде де масаның бәрін жойып жіберу мүмкін емес, өңдеу жұмыстары оның азаюына ықпал етеді»,- деді Қ.Өмірәлиев.

«Танкеев Б.А.» ЖК директорының орынбасары Юлия Майер су тасқынына байланысты қалыптасқан жағдайды ескере отырып, басқармамен бірлесіп, қажет болса, қосымша қаражат бөлу мәселесі қарастырылатынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар