Сұлтан Ибрагим Малайзияның 17-ші патшасы болды

Султан Ибрагим
Фото: San Diego

АСТАНА. KAZINFORM – Малайзияның Джохор штатының сұлтаны Ибрагим ресми түрде елдің 17-ші патшасы атанды. Сәрсенбі күні ол ұлттық сарайда өткен рәсімде ант берді, деп хабарлайды Reuters

65 жастағы Ибрагим бұл қызметке Абдолла Риайятуддин Әл-Мұстафаның орнына келді. Бұрынғы король қайтадан өзінің Паханг штатын басқарады.

Елдегі монархияның бірегей жүйесінің аясында Малайзиядағы корольдік тоғыз отбасының басшылары әрбір бес жыл сайын кезекпен патша болып сайланады.

Малайзия королі (Янг ди-Пертуан Агонг) негізінен салтанатты және өкілдік қызмет атқарады. Ол премьер-министр және министрлер кабинетінің кеңесіне жүгініп әрекет етеді, бірақ федералды конституцияға сәйкес оған кейбір дискрециялық өкілдіктер, соның ішінде премьер-министр тағайындау құқығы беріледі.

Соңғы жаңалықтар