Тасқын аймақтарында 17,5 мың адам үйіне қайтып оралды

тасқын
Фото: ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш елдегі тасқынмен күрес жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты.

«Осы сағатта 17 547 адам өз үйіне оралды. 6 932 адам, оның ішінде 3 111 бала эвакуациялау пункттерін паналап жүр. Су тасқыны басталғаннан бері 117 142 адам, оның ішінде 40 833 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 113 852 мал қауіпсіз жерге айдалды», - деді ТЖМ өкілі.

Оның мәліметі бойынша, тасқынмен күрес кезінде 3 873 үй мен 2 502 ауладан су басқа жаққа бұрылған.

«9,8 млн текше метрден астам қар суы сорып шығарылды, 3 млн астам құмқап, 1,4 млн тоннадан астам инертті материал төселді. Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 677 жеке үй, 1 326 аула аумағы су астында қалып отыр», - деді Ерасыл Сайпаш.

Соңғы жаңалықтар