Тасқын судың арты қандай экологиялық апатқа жалғасуы мүмкін

су басты
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Ел өңірлерінде тасқын судың беті қайтып келеді, ендігі жұмыс оның салдарымен күрес. Осы орайда Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай тасқын судан кейінгі экологиялық қауіп-қатерге алаңдаушылық танытты.

«Мен бүгін тазалық мәселесін көтергім келіп отыр, себебі, елге тасқынмен бірге енді топалаң келеді. Қарғын судан қорғану үшін мыңдаған қап пен пакеттерден бөгет тұрғызылды, полиэтилен кленкаларды пайдаландық. Енді су кеткен соң осы кенеп қаптарды түгін қалдырмай, түгел жинап алмасақ, экологиялық апатқа тап боламыз. Оның үстіне сай-саладан келген су қаншама күл-қоқыс, қалдық, аң-құс пен малдың өлекселерін ағызып әкетті. Осы жемтіктерді залалсыздандырмасақ, жаңағы мен айтып отырған топалаң құрғыр түрлі дерт пен ауруды таратуы мүмкін», - деді Мақсат Толықбай Мәжілістің жалпы отырысында депутаттық сауал жолдап. 

Сондай-ақ, халық қалаулысы «Таза Қазақстан» тазалық айлығы айта келе, «Әлеуметтік желілердегі әдемі роликтер үшін жасалатын бір реттік акция болмауы керек», деген Президент сөзін еске салды. 

«Батыс елдерін айтпай-ақ, көрші өзбек ағайындардың тазалығына таң қаламыз. Ал мұндай мұнтаздай тазалық өзінен-өзі жасалмайды. Тазалықты әрбір азаматтың өзінен, өз жауапкершілігін сезінуінен, тәртіпті сақтауынан басталады. Тазалыққа жауапты мекемелердің жұмысынан бөлек, тұрғындар көрінген жерге қоқыс тастап, көшелер мен аулаларды ластап кете беретін болса, нәтиже болмайды», - дейді ол. 

Мына Алматының іргесіндегі «Алтын Орда» базарының күл-қоқысқа толы екенін айтты. 

«Терезені ашып темекіні лақтыра саламыз, түкіре саламыз, стадион, кинотеатрға баорсақ та, ішкен жегеніміз сол жерде қалады, көкке шықсақ та сол. Ұлттық парктердің бәрі қоқыс. Одан қалса, үйдегі қоқысты сасытып, подьезге тастай салатын надандар бар. Сол үшін сананы өзгертуіміз керек. Тазалықты кәдімгі құндылық, тіпті, керек болса тәртіп ретінде дәріптеуіміз керек», - деді депутат. 

Сөз соңында Мақсат Толықбай жоғарыда аталған мәселені шешу үшін Үкімет басшысының назарына келесі ұсыныстарды алға тартты: 

1. Үкімет қоғамда тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруға арналған кешенді бағдарлама әзірлеп, іске асыруы керек.
2. Жергілікті атқарушы органдар өздеріне қарасты аумақтарды абаттандыруды тұрақты жүргізіп, жасыл желек егумен ғана шектелмей, оны күтіп-баптау ісіне де көңіл бөлуі тиіс.
3. Оқу-ағарту министрлігі орта мектеп оқушылары арасында «Экологиялық сана» атты ағартушылық сынып сағаттарын өткізуді жолға қойғаны жөн.

Соңғы жаңалықтар