Тайваньдағы жер сілкінісі құрбандарының саны артты

Тайвань
Фото: BBC

АСТАНА. KAZINFORM – Тайваньда соңғы 25 жылда болған жойқын жер сілкінісі салдарынан кем дегенде тоғыз адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алды. Бастапқыда төрт адам қайтыс болғаны хабарланған, деп жазады Еuronews.

Тайваньның шығыс жағалауында болған 7,2 магнитудалы жер сілкінісінен кем дегенде тоғыз адам қаза тапқаны хабарланды. Ондаған адам із-түзсіз жоғалып кеткендер қатарында, жүздеген адам түрлі дәрежеде жарақат алды.

Жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат сегіз шамасында болған бірінші жер сілкінісінен кейін әр түрлі күштегі жүзден астам толқын тіркелді. Ол бүкіл аралда сезілді.

Тайваньның шығысындағы Хуалянь қаласында бірнеше ғимарат қирап, іздестіру-құтқару операциясы жүріп жатыр.

20 миллионнан астам адам тұратын аралдағы теміржол қатынасы тоқтатылды.

Жер сілкінісі салдарынан су тасып, жолдар мен тоннельдер бүлінген.

Тайвань билігінің мәліметінше, бұл жер сілкінісі соңғы ширек ғасырдағы ең жойқын зілзала болды. Орталық метеорологиялық бюро цунами қаупі туралы ескерту жасады.

Көп жерлерде электр қуаты мен газ тоқтатылды.

Жер сілкінісі Шанхайда, сондай-ақ Қытайдың оңтүстік-шығыс жағалауында орналасқан бірнеше провинциясында сезілді.

Осыған дейін Тайваньда жер сілкінісінен төрт адам қаза тауып, 97 адам жарақат алғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар