Түркістан облысында өсірілген банандар мамыр айында сатылымға шығады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Сайрам ауданына қарасты Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі жылыжай кешенінде банан өсіріліп жатыр.
Серіктестік иесі Ислам Алиевтың айтуынша, алдағы 2-3 апта көлемінде алғашқы өнімнің дәмін татып көруге болады.
Жалпы аумағы 5,3 га болатын жылыжай түркиялық технологиялар негізінде салынған. Алғашқыда аумаққа тәжірибе ретінде бананның «Анамуз» сортының 7400-ден астам көшеті отырғызылған. Тропикалық жеміс ағашының Сайрам топырағына жерсінуі үшін қажетті тыңайтқыштар қолданылған. Қазір мұнда 150 адам бананды баптап, өсіріп жатыр. Ал, шаруа 5 гектар жылыжайдан 1000 тонна өнім алуды жоспарлап отыр.
«Бұл өнім Қазақстанның ішкі нарығын қамтуға бағытталмақ. Әзірге бағасын белгілеген жоқпыз. Негізінен шетелден келетін банан бағасынан әлдеқайда арзан болады. Себебі, бізде жолға кететін шығын жоқ», - дейді Ислам Алиев.
Фермерлік жылыжай кешені 2023 жылдың маусым айында іске қосылған. Мұндағы құрал-жабдықтардан бөлек, агроном маман да Түркиядан шақыртылған.
«Банан бұтағы 10-15 жылға дейін өнім беруге қауқарлы. Мамыр айында алғашқы өнімді аламыз, Сондай-ақ қазір бананнан бөлек, лимон, құрма тәрізді тропикалық жемістерді де жерсіндіріп жатырмыз. Алдағы уақытта да жеміс түрін көбейте береміз», - дейді шаруа.