Үстел теннисінен Олимпиада жолдамасына кімдер таласады

Герасименко
Фото: ҚР ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM – Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында 17-19 мамыр аралығында өтетін лицензиядық турнирге қатысатын Қазақстан құрамасының спортшылары белгілі болды. 

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті мәлім еткендей, Ташкентте өтетін аталмыш дода соңғы Орталық Азия аймақтық іріктеу турнирі болмақ. Турнир барысында Париж Олимпиадасының лицензиясы сарапқа салынады. 

Олимпиада жолдамасына Қазақстан сапынан төмендегі спортшылар таласады: 

Кирилл Герасименко, Алан Кұрманғалиев, Сарвиноз Миркадирова, Анастасия Лаврова.

Қазіргі таңда оқу-жаттығу жиынын аяқтаған спортшылар Ташкентке ұшып кетті. 

«Біздің алдымызда төртжылдықтың басты додасына жолдама беретін жарысқа жақсы дайындықпен барып, ерлер мен әйелдер арасында бір-бірден, жалпы есебі екі жолдама алу міндеті тұр. Қазіргі таңда спортшыларымыздың дайындығы жаман емес. Қаңтар айынан бері жоспарланған турнирлердің бәріне қатыстық. Жаттығу жиынында жекелеген қателіктермен жұмыс істеп, әрбір теннисшінің ойын мәнерін жетілдіруге тырыстық. Ташкентте Иран, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан және Қазақстан спортшылары олимпиадалық квотаны өзара сарапқа салады. Біз Өзбекстан астанасына жолдама алу үшін барамыз», - дейді бас бапкер Эльмира Әлиева. 

Аталған турнирде тек жеңіске жеткен спортшылар ғана жолдамаға қол жеткізеді. 

Соңғы жаңалықтар