Ұйымдасқан қылмыстық топ құрған Астана полицейлері мен ХҚКО мамандары жауапқа тартылды 

Сот
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Автокөліктерді заңсыз ресімдеушілер ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған басшылық жасағаны үшін сотталды.  

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, 2024 жылдың 25 сәуірінде ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және оған басшылық жасағаны сондай-ақ, алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiргені, ақпаратты құқыққа сыйымсыз түрлендіргені, лауазымдық өкiлеттiктерін теріс пайдаланғаны, жалған құжаттарды қолдан жасағаны, дайындағаны үшін жауапты тұлғаларға қатысты істі қарады.

«Сотталушылар тиісті алымдар мен төлемдерді өтемей, мемлекетке залал келтіру, сонымен қатар, ХҚКО мен ҚР ІІМ интеграцияланған ақпараттық жүйесін көлік құралдарының мәліметтері және автокөліктерді сатып алу-сату бойынша жүргізілген мәмілелер туралы көрінеу жалған ақпарат енгізу арқылы шетелден әкелінген автокөлік құралдарын жаппай тіркеуді ұйымдастырды деп айыпталған», — делінген хабарламда. 

Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің әрқайсысының келісілген әрекеттерінің нәтижесінде 2021 жылдың желтоқсанынан бастап 2022 жылдың мамырына дейін 312 көлік заңсыз тіркелген. 

«Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері 150 көлік құралын заңсыз тіркеп, оның ішінде рөлі оң жақта орналасқан 73 автокөлік және 77 автокөлік ҚР аумағына іс жүзінде жеткізілмеген.  Ұйымдасқан қылмыстық топтың 3 басшысы қылмыстық топ құрып, лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып, оны басқарған. 5 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ қатысушылары көптеген мәмілелерге қатысып, ақшалай қаражаттың бір бөлігін алып отырған», — деп хабарлады Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты. 

17 делдал телеграмм чаттардан сатып алу арқылы автокөліктерді ресімдеуге қатысып, автокөліктерге құжаттарды қайтадан сатып жіберіп отырған. 

Мәлім болғандай, полиция қызметкерлері — ұрлық белгілері болмаған кезде алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы мүліктік зиян келтіріп, лауазымдық өкілеттіктерін асыра сілте пайдаланып, өз мақсаттарын іске асырған.

Айыпталушылар тағылған айыпты мойындамай, оларды ақтауды, ал жәбірленушілердің өкілдері айыптауды қолдап, азаматтық талапты қанағаттандыруды сұраған. Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

«Сот үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың 3 басшысына көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағандары үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы, 5 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ қатысушысы кінәлі деп танылып, әрқайсысына 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы, 3 делдал кінәлі деп танылып, біріншісіне — 2 жыл 6 ай, екіншісіне — 1 жыл, үшіншісіне — 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы, ал, 14 делдалға 2 жыл 6 ай мерзім бас бостандығын шектеу жазасы, 4 полиция қызметкерінің әрқайсысына 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада.

Алайда, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәлімдеуінше, ескіру мерзімінің өтуіне байланысты сотталушыларды қылмыстық жауаптылықтан босату туралы қаулы шыққан. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Соңғы жаңалықтар