Ядролық медицина орталығында 2 мыңнан астам адамға диагностика жасалды

диагностика
Фото: ҚР ПІБ баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылдың 1-тоқсанында ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасы базасындағы Ядролық медицина орталығында 2 197 адамға диагностика жасалды. Жоғары технологиялық ПЭТ/КТ тексеріске өтініш берген пациенттердің 94%-ы тексеруден тегін өтті. 

Бұл қызметтер пациенттерге тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде көрсетілді.

- Орталықта ПЭТ/КТ диагностика адамның барлық дене бөлігіне жасалады, ең сұраныс жоғары технология саналады. Оның кезегін күту уақыты 3 айдан асады. Біз бар мүмкіндікті пайдаланып, емделушілерді неғұрлым көбірек қабылдауға, кезек уақытын азайтуға тырысамыз, - дейді Ядролық медицина орталығының басшысы, медицина ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова.

ҚР ПІБ Медорталығы ауруханасының Ядролық медицина орталығы – ПЭТ/КТ зерттеулерін жүргізуге 6 радиофармацевтикалық препаратты қолданатын Қазақстандағы жалғыз клиника. Өзіндік ерекшелігі бар препараттардың әрқайсысы белгілі бір қатерлі ауруларды диагностикалауға арналған.

диагностика
Фото: ҚР ПІБ баспасөз қызметі

Биыл Ядролық орталық ұжымы тағы 2 радиофармацевтикалық препарат өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Жаңадан шығарылатын 18F-FLT және 18F-FET препараттары мидағы әртүрлі ісік зақымдарын диагностикалауға, сондай-ақ хирургиялық және сәулелік емнің тиімділігін бағалауға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар