Йемендік хуситтер Қызыл теңіздегі Израиль кемелеріне тағы да шабуыл жасамақ

шабуыл жасамақ
Фото: Сари / @army21ye

АСТАНА. KAZINFORM – Йемендік хуситтер Израиль порттарына баратын кемелерге олардың қолы жететін кез келген аймақта шабуыл жасауға уәде берді. Бұл туралы Яхья Сари тобының әскери өкілі телеарнада мәлімдеді.

«Біз Жерорта теңізіндегі Израиль порттарына баратын кез келген кемелерге, кез келген аймақтан шабуыл жасаймыз», - деп батыл мәлімдеме жасады Сари.

Ол сондай-ақ бұл әрекет хабарлама жарияланған сәттен бастап бірден орындалатынын айтты. 

Қараша айынан бері Йеменнің «Ансар Аллах» қозғалысы, яғни, хуситтер қозғалысы ретінде Қызыл теңізде, Баб әл-Мандаб бұғазында және Аден шығанағында кемелерге қарсы бірнеше рет зымыран және ұшақ шабуылдарын жасады. Хусилер өз шабуылдарын палестиналықтармен ынтымақтастық науқаны және Израильдің Газа секторында жүргізіп жатқан соғысына наразылық деп атайды. 

Бұл шешімнің себептерінің бірі ретінде Сари қазір 1,5 миллионнан астам палестиналықтар паналайтын Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах қаласында келе жатқан «агрессивті әскери операцияны» атады. 

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху күн сайын бомбаланып жатқан Рафахқа құрлық әскерін жібереміз деп қорқытты. Израильдің құрлықтағы ықтимал шабуылы халықаралық наразылық тудырды. Көптеген мемлекет, соның ішінде Америка Құрама Штаттары, Израиль үкіметін шабуыл жасамауға шақырды.

Келіссөздер барысында әлі де күрделі кедергілер бар. ХАМАС тұрақты атысты тоқтатуға, Израиль әскерлерінің Газа секторынан толық шығарылуына және қоныс аударған палестиналықтардың үйлеріне кедергісіз оралуына кепілдік бермейтін келісімді қабылдамайтынын бірнеше рет мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар