Жамбыл облысында 40 келіден астам есірткі дайындаған шопан ұсталды

Есірткінің интернет арқылы таралу жолын кесетін шаралар әзірленеді
Фото: Polisia.kz

TARAZ. KAZINFORM – Жамбыл облысында жедел уәкілдер шаруа қожалығының аумағында 40 мың дозадан асатын марихуананы тәркіледі.

Облыстық полиция депертаменті баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына сүйенсек, есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтады деген күдікпен Павлодар облысының 47 жастағы тұрғыны ұсталған. Ер адам Меркі ауданында малшы болып жұмыс істеген. Күдіктінің айтуынша, ол жабайы қарасораны тауып, оны жинап, кептіріп, өзі тұтынуы үшін сақтаған.

Іздеу барысында күдіктінің күртешесінің қалтасынан марихуана орамасы табылған. Тәркіленген заттың көп бөлігі жақын маңдағы мал фермасында сақталған. Әрі қарай шаруа қожалығының аумағындағы сарайдан 3 полиэтилен пакет жасырылған орын табылып, одан жабайы қарасора сабақтары шыққан. Күдікті марихуананы қыста өзі тұтынуы үшін дайындағанын мойындады.

«Полицейлер барлығы 40 келі 240 грамм кептірілген марихуана есірткісін тәркіледі. Ұсталған адам ұрлық жасағаны үшін бұрын сотты болған. Ол өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта ол қамауға алынды», - деді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев. 

Айта кетейік, бұған дейін Таразда 18 жыл мемлекетаралық іздеуде жүрген шетелдік азамат ұсталғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Жамбыл облысында 200 адам қаржы пирамидасына алданғанын хабарлағанбыз.

Соңғы жаңалықтар