Жамбыл облысында 99% толған су қоймалары бар

су қоймасы
Фото: Жамбыл облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі

TARAZ. KAZINFORM — Жамбыл облысында 141 гидротехникалық құрылыс нысаны бар. Оның ішінде 18-і республикалық меншікте, 115-і коммуналдық меншікте, ал 8-і жеке меншікте.

Жамбыл облысындағы аталған су қоймалары мен бөгеттер аэровизуалды бақылауда, ондағы су көлеміне ұдайы мониторинг жүргізілуде. Әзірге жағдай тұрақты. 

Облыста су тасқыны кезеңін штаттық режимде өткізу мақсатында іс-шаралар жоспары және кезекшілік кестесі бекітілген.

«Облысымыздың ең үлкен су қоймалары — Тасөткел, Теріс-Ашыбұлақ және Талас өзенінің негізгі су көзі болып табылатын Киров су қоймасын толтыру бекітілген кестеге сәйкес атқарылуда. Тасөткел су қоймасы бүгінгі күнге 94% толған. Техникалық жағдайына байланысты рұқсат етілген көлеміне дейін әлі 30 млн текше метр су қабылдай алады. Су өткізу қабілеті секундына 360 текше метр. Аппаттық су өткізу қабілеті секундына 380 текше метр. Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы рұқсат етілген көлемінен 97% толды. Келіп жатқан су көлемі — секундына 15,9 текше метр, тасталып жатқан су көлемі де осы мөлшерде. Су қойманың барлық су өткізу қабілеті — секундына 622 текше метр, ал түсіп жатқан су көлемі — секундына 15,9 текше метр екенін ескерсек, бүгінгі таңда қауіп жоқ деуге болады. Су қойма транзиттік режимде жұмыс атқаруда, — дейді Жамбыл облысы nөтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Руслан Орынбеков.

Сондай-ақ, ТЖ департаменті бастығының орынбасарының айтуынша, Қарақоңыз, Қақпатас су қоймалары 99%, Ынталы — 97%, Киров — 81% толған. Дегенмен, түсіп жатқан су көлемінің мөлшеріне қарай қауіп жоқ.

Ал, Бүркітті, Жартас сынды су қоймаларындағы және кіші өзен-көлдердегі су көлемі 50 пайыздан да төмен болғандықтан, керісінше, су жеткізу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр екен.

«Су тораптар, су қоймалар бойынша сегменттік қақпаның жұмысы, оның ашылып-жабылу режимі, қақпа көтеретін моторлардың майланып, жұмыс істеуі тексерілді. „Қазсушар“ РМК Жамбыл филиалының теңгеріміндегі 7 су қоймасының жұмыс істеу графигі жасалып, су тасқынын алдына алу бойынша кезекшілік ұйымдастырлып, қатаң бақылауға алынды. Су қоймалар транзиттік режимге ауыстырылды», — деп түсіндірді Руслан Орынбеков.

Ал «Қазсушар» РМК директоры Асқанат Қадыров өңір елді мекендерінде су басуды алдын алу мақсатында 3500 тонна қар шығарылып, 1790 км канал, 1833 км арық, 437 км дренаж жүйесі, 946 су өткізу құрылыстары тазартылып, ауылдардың айналасында 10 шақырым үйінді жасалғанын айтады.

Сондай-ақ, су басу қаупі бар 42 елді мекеннің 34-інен қауіп алыныпты.

«Өңірде су тасқының алдын алу және жою мақсатында 1927 адам, 437 техника, 19 жүзу құралы, 132 мотопомпа, халықты эвакуациялауға және жеке құрамды тасымалдауға арналған 48 жолаушылар көлігі дайын. 6 900 тонна инертті материал, 16 140 тонна жанар-жағармай, 31 200 дана қап қажетті резерві құрылып, 396 адам сиятын халықты қабылдау пункті, 32 шатыр, 890 төсек-орын, 460 кереует дайындалып, тамақтандыру бойынша 58 келісім жасалды.Төтенше жағдайлар орын алған Ақмола өңіріне көмекке облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 57 жеке құрам мен 7 бірлік күштер мен құралдар тобы, 13 мотопомпа және 3 үрлемелі қайық жіберілді», — деді Асқанат Қадыров.

 

Соңғы жаңалықтар