Жатыр мойны обырынан құлан-таза айығып кетуге болады – алматылық онколог

дәрігер
Фото: Денсаулық сақтау басқармасы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жатыр мойны обыры әйелдер арасында жиі кездесетін қатерлі ісік. Ол дер кезінде анықталса, оның бетін қайтарып, емдеуге болады. Бұл туралы Алматы №36 қалалық емханасының онколог дәрігері Зарина Тойлыбаева айтты. 

Дәргердің айтуынша, жатыр мойны обыры әдетте адам папилломавирусы (HPV) тудыратын ісік алды жасушалық өзгерістен басталады. 

«Егер бұл өзгеріс дер кезінде анықталмаса және емделмесе, ол қатерлі ісікке айналуы мүмкін. Ісік алды өзгерісті ерте анықтау және емдеу ісік дамуының алдын алу кезінде шешуші рөл атқаратыны сөзсіз. Ол ерте анықталған жағдайда толық емделіп кетеді. Сондықтан жүйелі түрде скринингтік тексеруден өтіп, салауатты өмір салтын ұстану қажет, бұл аурудың алдын алуда және онымен күресуде басты рөл атқарады», - дейді онколог.

Маман бірнеше маңызды қауіп факторын атап өтті. 

«Адам папилломавирусы (HPV) – жатыр мойны обырының негізгі себебі. Жыныстық қатынасқа ерте түсу, созылмалы қабыну аурулары, жатыр мойны эрозиясы, түсік түсіру, дұрыс тамақтанбау – осы фактордың бәрі HPV инфекциясының қаупін арттыруы мүмкін. Темекі шегу де жатыр мойны обырының даму қаупін тудырады», - дейді Зарина Тойлыбаева.

Онкологтың айтуынша, жатыр мойны обырын емдеу аурудың сатысына байланысты. Ол ісікті хирургиялық алып тастау, сәулелік терапия, химиотерапияны немесе олардың комбинациясын қамтуы мүмкін. Қатерлі ісік неғұрлым ерте анықталса, оны емдеу соғұрлым сәтті болады.

Соңғы жаңалықтар