Жайық өзенінің суы Махамбет ауданында 7,5 метрге жетті

Жайық өзенінің деңгейі Тайпақ ауылында 25 сантиметрге көтерілді
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Махамбет ауданында Жайық өзенінің деңгейі 7 метр 54 сантиметрге жетті. 

«Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалының мәліметінше, көршілес Батыс Қазақстан облысының аумағынан ағып келген су есебінен Жайық өзенінің деңгейіне өзгерген.

«Бүгін, 29 сәуірде сағат 08:00-де Индербор кентіндегі гидробекетте Жайық өзеніндегі су деңгейі +23 сантиметр көтеріліп, 6 метр 68 сантиметрді құрады. Су тасқыны басталғаннан бері мұнда көтерілу көрсеткіші 445 сантиметр болды. Ал, Махамбет ауылы тұсында өзен суы +11 сантиметрге ұлғайып, 7 метр 54 сантиметрге жетті. Бұл ауылда көтерілген судың жалпы көрсеткіші – 437 сантиметр», - деп хабарлады облыстық жедел штаб. 

Сондай-ақ, Жайық өзеніндегі судың көтерілгені Атырау қаласында да байқалып отыр. Бүгін мұнайлы шаһардағы гидробекетте өзен арнасы +8 сантиметр көтеріліп, 4 метр 42 сантиметр деңгейінде тұр. Су тасқыны басталғаннан бері су деңгейі 251 сантиметрге көтерілген.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудың Махамбет ауданында Жайық өзенінің деңгейі 7 метрден асқанын хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар