Жетісулықтар өздеріне тиесілі жер телімдерін ала алмай жүр

жер телімі
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM —  17 жыл бұрын Кербұлақ ауданы, Бостан ауылының 100-ге жуық тұрғыны «Алатау Дейри» компаниясымен жерді пайдалану туралы шарт жасасқан. Қарашаны қарық қыламын деген инвестор өз міндеттемелерін орындай алмаған. Бастапқыда тұрғындар астық, жем, шөптен тиесілі пайларын алып келді. Одан кейін ол да жоқ болған. Ашуға булыққан қараша халық енді жерлерін қайтарып алмақшы. Олар арыз-шағымдарын айтып жоғары сотқа дейін барған. 

«Халық кереметке сенді. Алайда «Алатау Дейри» компаниясы халықтың әбден төзімін тауысып бітті. Өздерінің бірде-бір уәделерін орындаған жоқ», - дейді шаруалар. 

Аудан әкімдігінің сөзінше, «Бостан» өндірістік кооперативінің құрамында болған 98 үлескердің 15-і бөлініп шығып, қалған 83 шаруа қожалығы келісім-шарт бойынша жер үлестерін заңды түрде «Алатау Дейри» ЖШС-нің үлесіне өткізіп берген. Ол сотта да дәлелденгенін айтып отыр. Бүгінде ауыл тұрғындары заңды жер пайдаланушының іс-әрекетіне кедергі жасағанын айтады. 

«Жер үлестері заңсыз өткенін айтып Бостан ауылының тұрғындары аудандық, облыстық, тіпті, Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотына шағымданған. Алайда талап арыздары қанағаттандырылмаған, сот шешімдері бойынша жер үлестері «Алатау Дейри» ЖШС-не заңды түрде өткендері дәлелденді. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары заңды жер пайдаланушының іс-әрекетіне кедергі жасап, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге тосқауыл қойып отыр. Сонымен қатар Кербұлақ ауданының әкімдігі шаруашылық субъектілерінің ішкі іс-әрекеттеріне және жер үлестерін бөлу жұмыстарына араласуға құзыреті жоқ. Видеотүсірілімде көрсетілген: «әкім жерді таратып жатыр» деген сөз шындыққа жанаспайды. Аталған видеода «Алатау Дейри» ЖШС-нің меңгерушісімен болған жағдай түсірілген. Бұл жерде әкімдіктің құзыреті жоқ», - деді Кербұлақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Жалпы, Бостан ауылында 800-ден астам адам тұрады. Дені егін егеді, мал өсіреді. Әр үйде кемінде 10 ірі қара мен 30-ға тарта ұсақ мал бар. Түйткілді мәселенің түйіні шешілмей келе жатқанына 15 жылдан асқан. Былтыр, аудан әкімі қос тарапты жинап, жайылым және шабындық жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып береміз деген еді. Десе де, тұрғындар талабы әлі де орындалмай отыр. 

Соңғы жаңалықтар