Жоғарғы соттың судьялары тараптарды өзара тиімді жағдайда татуластырды

Жоғарғы сот
Фото: Жоғарғы соттың баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM - 2020 жылдың маусым айында акционерлік қоғам (жалға беруші) мен үш ЖШС (заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі – жалға алушы) арасында жөндеу жұмыстары жүргізілетін вагондарды мүліктік жалдау (жалға алу) шарты жасалған.

АҚ ЖШС-нің біріне уақытша иеленуге және пайдалануға (2023 жылдың соңына дейін) 300 жүк вагонын берген. Осы жүк вагондарын жалға беру шартынан туындайтын азаматтық-құқықтық даулар тараптар арасында туындаған.

ЖШС (жалға алушы) АҚ-ның жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу міндетін бұзуына байланысты Украина аумағында орналасқан 100 вагонға қатысты бөлігіндегі шартты бұзу туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот шарт талаптарынан елеулі бұзушылықтарды таппай, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан. Апелляция дауды талап қоюшының пайдасына шешкен, өйткені жауапкер нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға болмайтын вагондарға жөндеу жұмыстарын жүргізбеген, бұл шарттың талаптарына сәйкес шартты біржақты бұзуға негіз болып табылады.

Қазіргі уақытта Астана қалалық соты аталған тараптардың арасындағы 239 вагонды қайтару міндеттемесіне, сондай-ақ шартты өзгертуге және оны ішінара бұзуға қатысты даулары бойынша тағы екі істі қарауда.

Істі талқылау барысында Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы тараптарға татуласу құқықтарын, сондай-ақ дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу тәртібін, салдарын және артықшылықтарын түсіндірді.

Келіссөздер нәтижесінде тараптар сот талқылауының нысанасы болған барлық келіспеушіліктер бойынша келісімге келіп, дауды медиациялық келісім жасау арқылы шешу туралы кассацияға бірлескен өтінішхат берді.

Жоғарғы Сот дауласушы тараптар қол қойған медиация келісімін бекітті, оған сәйкес тараптар белгіленген тәртіпте және белгіленген мерзімде өз міндеттерін ерікті түрде орындауға келісті. Орындамаған жағдайда – мәжбүрлеп орындауға береді. Іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.

Осылайша, татуласу сот талқылауының ұзаққа созылуын болдырмады және артық шығындардың жұмсалуына жол бермеді, мемлекеттік бажды талап қоюшыға бюджеттен қайтаруға мүмкіндік берді және іскерлік, серіктестік қатынастарын сақтап қалды.

Сот жүйесі 2015 жылдан бастап татуластыру рәсімдері институтына ерекше назар аударып келеді. Сотта медиация институтын енгізудің негізгі қадамы оның Азаматтық процестік кодексіне заңнамалық тұрғыдан бекітілуі болды (2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді). Оған сәйкес, судья азаматтық сот ісін жүргізу міндеттеріне байланысты дауды бейбіт жолмен шешуге ықпал етуі тиіс.

Медиация – азаматтық сот ісін жүргізуде тараптардың татуласу нысандарының бірі, заңдық көзқарас бойынша ұқсас жолмен шешуге рұқсат етілген кез келген істің негізінде медиациялық келісімді жасасу сотта кез келген сатысында мүмкін болады.

Сот медиациясының тараптар үшін таңғаларлық жағы – бір істің аясында көптеген мәселелер бойынша жанжалды шешуге болатындығы.

Медиация қоғам мен заңгерлер арасында танымал. Егер бұған дейін санаулы ғана татуласса (2015 жылы – 2,3%), 2023 жылы – 42,6%-ға дейін (дауларды медиация жолымен реттеудің жалпы санынан). 

Мәселен, 2023 жылы дауларды шешудің баламалы әдістерін қолдану арқылы 117 мыңнан астам талап қою мен іс қаралса (42,6%), бұл көрсеткіш 2024 жылдың 3 айында – 25 мыңнан асты (41,2%). Оның ішінде 70 мыңнан астам іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды (2024 ж. 3 айында – 19 мың), оның ішінде бітімгершілік келісімін жасаумен – 8 мыңнан астам (2 444), медиация келісімі – 63 мың (18 мың), партисипативтік келісім – 236 болды (32).

Дауды бейбіт жолмен шешу азаматтардың бұзылған құқықтарын қорғаудың басым бағыттарының бірі болып қала береді, әлеуметтік тұрақтылықты және қоғамдағы жанжалдарды азайтуды қамтамасыз ететіндіктен маңыздырақ болып саналады.

Соңғы жаңалықтар